Дәріс 1. ОЙЛАУ МӘДЕНИЕТІНІҢ ПАЙДА БОЛУЫ

«Философия» пәні бойынша «Ой», «ойлау», «ойлану» ұғымдары, яғни «Ойлау мәдениетінің пайда болуы» тақырыбын талқылауға арналған алғашқы дәріс.

Дәріс мақсаты: «Ойлау мәдениеті» ұғымын анықтай отырып философия тарихындағы ежелгі шығыстық және ерте батыстық тұтас ойлау жүйесімен таныстыру. Адамның ойлауының пайда болуы мен ауқымы әлі де проблемалы мәселе болып қала береді. Кейбір ғалымдар ойлаудың шығу тегі мен көлемін мәдениеттен тапса, көпшілігі бұған әлі де күмәнмен қарайды. Осыған сәйкес адам контексте ойлайды деген қорытынды бар. Ойлау контекстінде адам туа біткен мінез-құлқы мен жинақталған тәжірибесіне сай ойлана алады. Ойлаудың бастапқы көзі ретінде қарастырылған идеялар қатары өте көп. Дегенмен әрбір жаңа көзқарас адамның мінез-құлқын қалыптастыратын адаптивті рөл атқарады және адамдарға басқалармен қарым-қатынасқа түсуге, араласуға тіпті күресуге мүмкіндік береді.

Адам ойлауының эволюциялық даму жолы тым ұзақ. Ойлау мазмұны қоғам дамуының көрсеткіші, яғни ойлау мәдениеті философияның атаулық мазмұнымен мәндес. Философияның грек тілінен тікелей аудармасы  - «даналыққа құштарлық», демек ізгілік пен жақсылыққа ұмтылу адам баласының басты миссиясы және ешқашан тоқтамайтын үздіксіз процесс. Ойлау мәдениеті туралы мәселе философияның "мәңгілік сұрақтар" санатына жатады. Әр кезеңдегі ойшылдар өз уақытында адам ойлауының табиғатын ашуға тырысты. Логика, математика және философияны зерттеу ойлау мәдениетін қалыптастырудың негізгі құралы болды. Философия тарихының классигі Кант мәдениетті адам бостандығымен байланыстырды. Демек, ойлау мәдениеті ақиқатқа жетудің қажетті шарты, ал ақиқатты білу адамды еркін етеді. Гегель болса: "ой мәдениеті... тек ақыл-ой формаларын сыни тұрғыдан білу арқылы қол жеткізіледі" деген тұжырым айтты. Қазіргі уақытта ойлау мәдениетін сақтау мәселесімен белсенді айналысып жатқан Гарвардтық «Нөл» жобасының аға ғылыми қызметкері Рон Ритчхартты атауға болады. Оның осы бағыттағы бірнеше еңбектері жарық көрген.  Ойлау - дүниені тану мен игерудің жоғарғы сатысы. Ойлау арқылы адамзаттың тарихи және әлеуметтік тәжрибесі, матриалды және рухани мәдениетінің нәтижелері бекіген.

 

ФИЛОСОФИЯ ТАРИХЫНДАҒЫ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ДӘСТҮРГЕ ИЕ ТҰТАС ОЙЛАУ ЖҮЙЕЛЕРІ

 

Философия тарихында әртүрлі философиялық дәстүрге ие тұтас ойлау жүйелері бар. Оны шартты түрде шығыс және батыс деп бөлуге болады. Философия тарихындағы ежелгі шығыстық тұтас ойлау жүйесін үнді-буддистер әлемі, қытай-қиыр шығыс әлемі және араб-мұсылман әлемі деп бөлеміз. Әлемнің ең алғашқы философиялық еңбектерінің пайда болуымен қатар өркениеттер жасаған ірі ойлау жүйелерінің бір бөлігі  - үнді философиясы. Үнді ойлау жүйесі әртүрлі философиялық мәселелермен айналысты, олардың арасында табиғат маңыздылығы туралы әлем (космология), шындық табиғаты (метафизика), логика, білім табиғаты (эпистемология), этика және дін философиясы бар.  Ежелгі үнділіктер ой-толғамдарының алғашқы ескерткіші Ведалар. Б.з.д. II және I мыңжылдықтар аралығында пайда болған және адамзаттың әдеби ескерткіштерінің ең ежелгілерінің бірі болып табылатын ведалар ежелгі үнді қоғамының рухани мәдениетінің дамуына, оның ішінде философиялық ойдың дамуында үлкен анықтаушы рөлге ие болды. «Веда» сөзі санскриттен аударғанда «білім» деген мағынаны береді. Бір-ақ бұл жай білім емес, ерекше білім. Ведалар әнұрандардан, дұғалардан, дуалардан, құрбандық шалу формулаларынан тұрады. Веда образдық көркем тілімен жазылған аса ежелгі діни дүниетаным, адамның өмірі және адамгершілік туралы алғашқы философиялық түсінік.

Қытай философиясының лейтмотиві - гуманизм: адам мен оның қоғамы ғасырлар бойы қытай философтарының назарын өзіне аударды. Қытай философиясында ұсынылған жалпы тұжырым адам мен аспанның бірлігінде жатыр. Бұл синтез рухы Қытай философиясының бүкіл тарихын сипаттады. Қытай гуманизмінің тамыры тым тереңде, ол б.з.д. 17-11 ғасырлардағы Шан әулетінен Чжоу әулетіне көшу кезімен, яғни Қытай тайпалық қоғамнан феодалдық қоғамға және қола дәуірінен темір дәуіріне өтуімен байланысты. Жаңа экономика мен жаңа қоғам жаңа құралдар мен жаңа таланттарды талап етті. Уақыт өте келе, адамның мағынасы өскен сайын, марапаттар мен жазалар адамның ізгілігіне байланысты болып көрінді, өйткені "аспан әрқашан ізгілікке толы, әрі мейірімді". Осылайша, адамның ізгілігі айқындаушы факторға айналды; енді адам өз тағдырын басқара алды. Діни құрбандықтар адамдардың өмірінде үлкен рөл атқаруды жалғастырды, алайда құрбандықтың мәні сиқырдан этикалық сипатқа, яғни рухани тіршілік иелерін құрметтеу тәсілдерінен таза құрмет көріністеріне өзгерді. Дәл осы атмосферада 100 ой мектебі пайда болды. Ежелгі Қытайдың екі ұлы моральдық философы Лао ЦЗУ мен  Конфуций. Барлық жүз мектеп практикалық жағдайларға жауап ретінде пайда болды. Олардың философтары мемлекеттік қызметкерлер немесе ғалымдар болды, олар бір феодалдық мемлекеттен екінші мемлекетке саяхаттап, әлеуметтік реформалар идеяларын ұсынды. Өз идеяларын әңгімелерде, ресми құжаттарда немесе қысқа трактаттарда білдіре отырып, олар кейінгі философтарға үлгі көрсетті.

Қытай философиясымен пара пар дүние жүзіндегі ең көне философиялық ойлау жүйелерінің бір жапон философиясы, шамамен VI-VIII ғғ.. Жапондықтар әзілінде, жапон философиясын тек қана жапондықтар түсінеді дейді. Сол кезде буддалық мәдениет Тэндай және Сингон секталарынан құралған еді. Негізін салушылары Сайте және Кукай. Бірақ ол тұрақты болмады. XII-XIV ғғ. Дзэн, Дзедо, Нитирэн секталары пайда бола бастады. Бұл секталардың негізгі мақсаты-буддалық философияны тарату еді. XIV-XVI ғғ. Буддизм бүкіл Жапонияны биледі. Бірақ XVII ғасырдан бастап ықпал конфуцияшылдыққа көшті. Неоконфуцийшылдық мектептің көшбасшысы Сюсикагу мектебі болды. Негізін қалаушысы Чжу Си. Жапон жазба әдебиетінің алғашқы үлгілері — “КОДЖИКИ” шежіресі мен “МАНЪЕСЮ” өлеңдер жинағы. “Коджики” - ертедегі мифтік әңгімелер мен аңыздар. “Манъесю” - антологиясы халық поэзиясының 4516 үлгісін және алғашқы жазба әдебиет өкілдерінің (500-дей автордың) шығармаларын қамтыған. Шығармалар 9-10 ғғ. «ТАНКА» жанры үлгісінде жазылған. Жапон ойлау жүйесіндегі шәй салтанаттары мен самурайлардың орны ерекше. Жапонияда шәйдің қолданысы VII ғасырлардан бастау алады. Біреулер шәйді Жапонияға материктен әкелінді десе, біреулер буддалық монахтар әкелді дейді. XV ғ. бастап көптеген шәй мектептері ашылған. Әрбір мектептің “ИЭМОТО”, яғни басшысы болған. Ол сынақтан өткен оқушыларға “ШӘЙ ШЕБЕРІ” деген атақ беріп отырған. Шәй ерекше сусын. Оны медитация жасағанда ішеді және буддаға табыс етеді. Шәйдің көмегімен денсаулықты жақсартуға болады. XII ғ. шәй ішу самурайлар арасында кең тараған. Тіпті шәй ішу салт-дәстүрге айналып, кең көлемде халық арасында жарыстар өткізіліп тұрған. Самурайлар негізінен  VII ғ. пайда болған. Олардың құрамын аңшылармен, кашып жүрген шаруалар құраған. Самурайлар тек қана жауынгерлер емес, олар императордың қорғаушысы немесе императордың тандаулы әскері. Айта кету керек, жақында ғана ғалым Томас Касулистың  «Жапон философиясының қысқаша тарихы»  атты  кітабы «Жаңа гуманитарлық білім: жүз жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне аударылды. Жапон мәдениетінің негізгі философиялық ілімдерін ұсынатын әлемдік білім беру жүйесінде кеңінен танымал оқулықты философия ғылымдарының докторы, профессор Гүлжихан Жұмабайқызы Нұрышева мен магистр Ақмарал Байдлаева аударды.

Философия тарихындағы ерте батыстық тұтас ойлау жүйесі деген сәтте есімізге бірден Грек және Рим философиясы түседі. Гректер бастапқыда монистік көзқараста болды, яғни әлемнің шығу тегін бір субстанцияға теліді, көп ұзамай бірнеше плюралистік теориялар пайда болды, яғни әлемнің шығу тегін бірнеше негізгі субстанциялар телу. Ертедегі грек философтары физикалық әлемнің пайда болуы мен табиғатына назар аударғандықтан, оларды көбінесе космологтар немесе натуралистер деп атайды. Гректер философияға, математикаға, астрономияға және медицинаға үлкен үлес қосты, әдебиет пен театр грек мәдениетінің маңызды аспектісі болды, сонымен қатар күрделі мүсінімен және сәулетімен танымал болды. Грек мәдениеті Рим империясына және басқа да көптеген өркениеттерге ықпал етті. Египет пен Месопотамия өркениеттерінің жаңалықтары мен біліміне сүйене отырып, ежелгі гректер күрделі философиялық және ғылыми мәдениетті дамытты. Ежелгі грек философиясының маңызды сәттерінің бірі ақыл мен зерттеудің рөлі болды. Ол логиканы ерекше атап өтті және табиғат әлемін бейтарап, ұтымды бақылау идеясын қолдады. Пифагор, Евклид және Архимед сияқты ежелгі грек математиктері геометрия және математикалық дәлелдер туралы негізгі идеялар берді. Алғашқы астрономиялық модельдердің кейбірін ежелгі гректер планеталардың қозғалысын, жердің осін және гелиоцентрлік жүйені — Күн жүйесінің орталығында орналасқан модельді сипаттауға тырысқан. Гиппократ ең танымал дәрігер ретінде медициналық мектеп құрды, трактаттар жазды және аурулар мен емдеу әдістерін жүйелі және эмпирикалық зерттеулердің арқасында қазіргі медицинаның негізін қалаушы болып саналады. Гиппократ анты, дәрігерлерге арналған медициналық стандарт, оның есімімен аталады. Грек философиялық мәдениеті ретінде Сократтың сұрақ қою стилін жазбаша түрде енгізген Платонның диалогтары. Платонның шәкірті Аристотель әлемнің бірінші ұстазы атағына ие болды. Греция да, Рим де Жерорта теңізі елдері, шарап пен зәйтүн өсірді, ауыл шаруашылығымен айналысып, шағын фермаларда өмір сүрді, өндіріс орындары мен қалалық кәсіптер де болды, шахталар жұмыс істеді, монеталар айналымда болды. Грек өнері Рим өнерінен жоғары деп саналады; шынында да, біз грек деп санайтын өнердің көп бөлігі-бұл грек түпнұсқасының римдік көшірмесі. Классикалық грек мүсіншілерінің мақсаты идеалды өнер формасын құру болды, ал Рим суретшілерінің мақсаты көбінесе безендіру үшін нақты портреттер жасау болды. Әдетте біз Венера Милосская сияқты мүсіндерді Грециямен, ал Мозаика мен фрескаларды Риммен байланыстырамыз. Әрине, екі мәдениеттің шеберлері бұдан басқа әртүрлі ортада жұмыс істеді. Мысалы, Грек керамикасы Италияға танымал импорт болды. Грек және рим ойлау жүйісінің негізі болған – әке тәрбиесі.

Гректер «пайдея», яғни баланы тәрбиелеу оқыту, білім беру, өмірге лайықтау - деп ұғындырады. Антикалық пайдеядан екі бағытты аңғаруға болады және бұл бағыттар қазақтың ұлттық тәрбиесіне де жақын. Біріншісі – белгілі бір полистің немесе азаматтық ұжымның болмысы және әкелер рухы аясында тәрбиелеу. Оның түбінде адамды емес, алдымен афиндықты, сосын барып гректі тәрбиелеу жатыр. Қазақ тәрбиесінде де баланы бабалар жолымен тәрбиелеу, бойына ұлттық салт-дәстүр, жөн-жоралғы, әдет-ғұрып т.б. сіңіру жолы жақсы дамыған, түпкі мақсаты текті ұрпақ, жақсы қазақты мәңгі ету. Екіншісі – құдіретпен, ерекше тылсым күшпен байланысқан тәрбие. Гректер данышпандарды, саясаткерлерді, спортшылар мен ақындарды құдіретті деп санап, қарапайым адамдардан жоғары қойған. Қазақ тәрбиесі де дінмен, рухани байлықпен астасып жатыр. Біздің тәрбиеде танымал тұлғаларға жас баланың тұсауын кестіру, аузына түкірту сынды ырымдар мен солар секілді болуын қалау, әулие әмбилерді пір тұту, өз балаларының денсаулығы мен өмірін сеніп тапсыру үрдісі орын алған. Ғалым В.Йегердің айтуынша «Ежелгі Грециядағы пайдея мәдениет ұғымымен бара бар семантикалық ұғым». Пайдея ұғымын айта отырып, гректің «фюсис», яғни «табиғат» деген сөзіне тоқталмасқа болмайды. Екі ұғымды біріктіре келе, тәрбие дегеніміз әрбір адамға жаратылысынан берілген табиғи кепілдік. Сондықтанда ол тек адамдарға ғана емес, барлық тіршілік атаулыға да тән. Ойлау мәдениетінің пайда болуы атты алғашқы дәріс ары қарай жалғасын табады, онда ойлау түрлері мен философиялық ойлау мәселелері қарастырылады.