Дәріс 15. «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ҰЛТТЫҚ ИДЕЯСЫ

Бұл философия пәнінің толық курсына арналған 15 дәрістің ең соңғысы, «Мәңгілік ел және «Рухани жаңғыру» - жаңа қазақстан философиясы деп аталады. Дәріс мақсаты философия пәнін қорытындылайтын, бастысы мемлекетіміз ұстанып отырған саясат бағдарының философиялық өзегін түсінуге, әр студенттің өз елінің жанашыры, ұлтжанды болып қалыптасуына ықпал ете алатын дәріс. Әр ел мен ұлтты айшықтайтын оның философиялық болмысын айқындайтын мемлекеттік дәрежедегі бағдарламалар мен тұжырымдар болуы ләзім. Бастысы, соның түпкі мән мағынасын ұғынып, ондағы атқарылуы тиіс іс-шарарды орындау, халқымыздың рухани тұрғыдан, жаңғырып жаңаруына, мәңгілік ел болып әлем тарихы сахнасында орнығуына өз үлесіңді қосуды көздеуге бағыттау.

2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғырттық. 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағ­дарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттедік. 2014 жылы Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев ХХІ ғасырдағы Қазақстанның ұлттық идеясы – «Мәңгілік Ел» деп жариялады. 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы, ізе шала 2018 жылы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланды. Қазіргі таңда ел іргесін бекітіп еңсесін түзеуге бағытталған биыл, яғни 2022 жылы жарияланған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» жолдауы өз қызметін бастады. Аталмыш жариялымдар, елімізде жоба ретінде кеең-кезеңімен жүзеге асырылуда. «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды деп ұлттық, яғни этнотәрбиеге баса көңіл аударуымызды мегзеп, бағытымызды белгілеп, мақсатымызды айқындап берді. Осылайша кемел келешекке байсалды қадамдар жасау үстіндегі тәуелсіз Қазақстанның көздеген заманауи мақсат-мұраты артта қалған ғасырлар құндылығымен сабақтасып, жалғасып жатқаны, біз Еуразия түркілерінің қара шаңырағын ұстап қалған мұрагері болып табылатынымыз ресми дәйектелді.

Тарих  өткен өмірді сөз еткенімен бүгінге және болашаққа қызмет етеді. Кез-келген тарихи танымның өзегінде белгілі бір ұлттың, тайпаның, рудың, тіптен жеке адамның өмір тәжірибесі, мақсат-мұраты, моралдық-этикалық нормалары жатады. Жоғарыда атаған мемлекеттік маңызы бар идеялар ішіндегі шоқтығы биігі - «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы - Қазақстан халқын біріктіретін, елдің басты мақсатынан шығатын және соған толық жауап беретін идея, деп есептейді философия ғылымдарының докторы, профессор Төлеуғали Бурбаев. Әрбір идеяның танымалдылығы мен өміршеңдігін түзетін түрлі сатылар біртұтас, әрі бірегей жүйеге айналады. Кез-келген идея идеологияға айнала алмайды, ал идеологияға айналған идея шын мәнінде мәңгілік бола алады. «Мәңгілік» деген сөз қарапайым тұрмыстық сана үшін болымды емес, себебі ол мүмкін емес. Тірі жандылар ішіндегі ең ақылды, ақылының деңгейіне сай айлалы адамның өмірі де өлшеулі. Ал, жоғарғы таза сана үшін адам емес адамзат мәңгілік, табиғат емес тылсым мәңгілік. «Мәңгілік» болмысқа айналу үшін оның сабақтасқан атрибуттары талқыға түсіп тұрмыстық санаға тән қалыпқа енуі тиіс. Демек, таза санаға тән «мәңгілік» ұғымын, тұрмыстық санаға аударып көрелік:

Бұл аталмыш сатылардың басы «түсіністік». Әрбір адам ең бірінші адамзаттың ұрпағы, адамзаттың алтын бастауы бір. Оны дін дәлелдеп бере алады. Бір адамның екінші бір адамды жек көруі, бір ұлттың екінші бір ұлтты ұнатпауы сол адамның өзін-өзі жек көруі мен өз ұлтында ұнатпауын білдіреді. Мұндай жағдаятты мәдени релятивизм ғылыми тұрғыдан негіздеп бере алады. Абстаркты ойға жүгінсек, ауылдағы адамдардан қаладағы адамдардың саны көп. Мехико, Токио, Пекин, Москва, Нью-Йорк сынды агломерациялық қалалар бірнеше мемлекет халықын қамтиды. Адамдардың бір жерге тым тығыз шоғырлануы олардың бірге өмір сүруге деген ыңғайлылығы мен қолайлылығын мегзейді. Мұндай қарым-қатынас міндетті түрде түсіністікті талап етеді. Көпқабатты, бір-бірімен жапсырмалас үйлерде қоян-қолтық тұрып жатқан адамдар ортақ бір ережеге бағынады. Дәл осы бағыныштылық адамдарды түсіністікке алып келеді. Түсіністіктің шекарасы кеңейіп «татулыққа» айналады.

Татулық - бейбітшіліктің кепілі, себебі ол бейбітшілікті қорғайды, сондықтанда басты ингредиент ретінде қызмет етеді. Тату-тәтті өмір сүру дегеніміз конфликттан ада болу, лаңкестікке жол бермеу деген мағынаға саяды. Әлем халықтарының ортақ проблемасына айналған татулық ізгілікті ойға жетелейді, тұтастықты қалайды. Тұтастық - белгілі бір фундаменталды заңдылықтардың объективті шындығы, сондықтанда ол интеграция формасына ие. Интеграция формасы универсалды, тіпті тұтастықтың өзі интеграцияның арқасында ғана болымды бола алады. Сондықтанда «Мәңгілік Ел» болу үшін «Қазақстандық» деген бір ұғымға бірігіп, тұтастықты құру абзал. Дәл осындай тұтастық ғана тұрақтылықты мәнді етеді. Тұрақтылық әрбір отбасы мүшесінен басталып, қоғамдық сипатқа дейін жетеді.

 

МЕМЕТИКА ҒЫЛЫМЫ ЖӘНЕ «ХАЛЫҚТЫҚ МЕМ» ТҮЗУДІҢ ТИІМДІЛІГІ

 

Атаның балаға берілетін биологиялық-болмыстық негіздерін «ген» десек, бүтін бір халықтың болмысын, біртұтас ішкі қасиеттерін «мем» құрайды. «Мемдер» - бұл метафора, идеяны таратуды түсінудің теориясы. «Мем» сөзі «ген» сөзіне саяды, бірақ оны түрлі мақсатта пайдалануға болады. «Мәңгілік Ел» идеясын идеологияға айналдыру процесінде осы мемді ұтымды пайдалануға болады. Ойды тарқатар болсақ, мемдер мәдениет дамуының бірден-бір түзушісі, себебі ол адамдар санасын жаулап, олардың жүріс-тұрысына ықпал етеді, ықпал етіп ғана қоймай, оны өзіне бағынышты етіп, ары қарай таратуға итермелейді. Қазіргі күннің деміне айналған сән үлгілерін қуалау да мемнің көрнісі. Бірақ идеяның мемге айналуы тым қиын, егер оны айналдыра алсақ нәтижелі болатыны анық. Себебі мемдер макромасштабта мәдениетті, тілді, қоғам мен дінді құрушы блоктар, ал микромасштабта әрбір адам санасының құрушы блоктар. Мемдерді зерттейтін «меметика» ғылымы, ғылымның атауы ертегректік «еліктегіш, айлакер» деген сөздерден пайда болған. 1904 жылы неміс биологы Рихард Земон 1921жылы ағылшын тіліне аударылған өзінің кітабында қолданды. 1976 жылы этолог Ричард Докинз «Өзімшіл ген» атты кітапты көпшілікке ұсынды, бірақ ол терминді аздап өзгертті. Ағылшын тіліде «мим» деп оқылғанмен орыс тілінде «мем» болып ғылыми айналымға түсіп кетті. Оның ғылыми айналысқа тез еніп кетуінің бірден бір себебі, түбірдің «мемеос» жады деген латынның сөзіне жақындығы болатын. Әйтсе де 1980 жылдарға дейін ол гипотеза ретінде пайдаланылып, аса бір ғылыми статусқа ие болған жоқ. Бірақ Докинз «Кеңейтілген фенотип» деген атпен шығарған келесі кітабында «мем» ұғымын ресмилендіріп, оны мәдениеттің жекелеген элементтерін тарату және сақтау процестерін сипаттады. Докинз ойын құптаған Ламсден мен Вильсон культураген концепциясын жалғастырды. Аталмыш концепция генетикалық және мәдени информациялардың берілу механизмдері арасындағы аналогияны бекітті. 1983 жылы Дуглас Хофштадтер Американдық бір ғылыми журналда мемді зерттейтін ғылым, генетиканың аналогы ретінде «меметиканы» қайта ұсынды. Бұл танымылдылықтан соң мемді діни тұрғыдан үгіттеу, насихаттауға пайдалану және ІТ технологияларын дамыту, істері алға жылжыды, бірақ оны ақыл теориясына жатқызған Даниел Денне сынды ғалымдарда болды. Оған қоса, футурологиялық болжам айтқан С.Блэкмор өзінің «Эволюцияның үшінші репликаторы: гендер, мемдер – ар қарай не? атты деген мақаласында «ген алғашқы репликатор, ол биологиялық эволюция нәтижесі, ал мем екінші орында, ол мәдени эволюцияның дамуы, қазір менің ойымша технологиялық дүмпу, эволюциялық сипат алуда» деп бір ой тастады.

С.Блэкмор мегзеп отырған үшінші технологиялық эволюция арқылы жақсы бағыттағы мемдерді тарату мүмкіндігі молайады. Бір халықтың ішіндегі жүйеленген насихаттаудың нәтижесі біртұтас «халықтық мемді» құрйды, ал ол «Мәңгілік Ел» жалпы ұлттық идеясына жұмыс істейді. Қалыптасқан халықтың бір деміне айналып, бір жұдырық сипатын беретін идея ғана идеология ретінде ұзақ өмір сүре алады. «Мәңгілік Ел» идеясының өміршең бола алу мүмкіндігінің зор болуы, оның атауы мен мазмұнының бір-біріне сәйкес келуі. Кейбір идеология тарихтың ағымына байланысты түзіліп, мерзімдік мықтылыққа ие бола алады. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы түзілген «халықтық мем» арқылы  идеологияға айналып мемлекеттің рухани қорғаныс қабатын түзеді. «Халықтық мем» түзілу үшін әрбір Қазақстандық кез-келген жерде, әсірсе қарым-қатынастың аналогы сервистік қызметтерде шын мәнінде де құрметке ие болуы керек. Әрбір Қазақстандық өз территориямыздың кез-келген жерінде өзін «Адам», мемлекеттің басты капиталы, негізгі рессурсы ретінде сезінуіне барлық жағдай жасау.  Әрбір адам өз туған жері мен Отанының бір бөлшегі, сондықтанда ол отандас, жерлестерге әрдайым бүйрегі бұрып, олардың өмірлеріне алаңдап тұратыны анық. Бұл дала заңдылығын әлем халықтарының басты ғалымдары зерттеп, зерделеп, әрбірі өз саласына қарай бағадам ой түйген. Олардың пікірінше, әрбір адамның бойында туған жерінің энергетикасы мәңгілікке сақталады. Кейбір адамдарда ол әлісзденуі, көмексіленуі, ал әлдебіреулерде күшейуі, жарқырауы мүмкін, бірақ түбегейлі жойылып кетуі мүмкін емес. Қазақ халқының даналары да сайын даланың құдіретін әлдеқашан сезген, сондықтанда олар сапарға, соғысқа т.б. қайтып келмеуі мүмкін болатындай алыс жерлерге кеткенде өздерімен бірге туған жердің бір уыс топырағын шүберекке түйіп алып жүрген. Ғалымдар пікірімен саралар болсақ, ол топырақтағы энергетика тірі ағзадағы энергетикамен сәйкес келгендіктен оған үнемі қосымша қуат береді, ал алда-жалда өмірден озған болса, ол іштегі энергетиканың тыншуына мүмкіндік туғызады. Ортағасырлық діндар Николай Кузанский «әр адамның тұрған жері сол адам үшін жердің кіндігі» деген екен. Олай болса, әрбір Қазақстандық азамат өз жерінде, Отанында, туған топрағында, қоғамда болып жатқан өзгерістерге бей-жай қарауына қақысы жоқ.

Көрнекті еуразияшыл ғалым, тарихшы-этнолог Л.Н.Гумилев «От Руси к России» атты еңбегінде: «Еуразия құрлығы үш рет біріктірілді. Алғашында оны Ұлы Түркі қағанатын құрған көне түріктер біріктірді. Түріктерден кейін Шыңғыс хан бастаған монғолдар, кейіннен Ресей өз қолына алды» — дейді. Л.Н.Гумилев еуразия құрлығының бірлігі, мәңгілігі туралы ойын көне түріктерден бастайды. Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қалыптасып жатқан Еуразиялық идеясының негізінде Ресейлік емес, түріктік ынтымақтастыққа қол жеткізіп, көне түріктердің мәңгілік ел идеясының өміршеңдігін дәлелдеуіміз керек. «Тұтас түрік елі» идеясынан «біртұтас Түркістан» идеясына дейінгі бабаларымыздың атқарған істері едәуір. Елбасы Түрік бірлігі идеясын тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап көтеруде. Ел азаматтары мен Қазақстан саяси элитасының ұлттық идеология қалыптастыру жолындағы ойларын Елбасы сараптады. «Біртұтас Түркістан идеясы», «Түркістан конфедерациясы», «Еуразиялық одақ идеясы», «Қазақстандық ұлт идеясы», «Жерұйық», «Атамекен», «Қазақ Елі идеясы» сынды ұғымдар арқылы мемлекет құрушы қазақ халқы мен тарихи тағдыр тоғыстырған ұлттарға ортақ боларлық идея, мемлекеттік мәнге ие боларлық идеология қарастырылды. Мәңгілік Ел идеясы —қазақ ұлтының мақсат-мүддесіне және елімізді ортақ Отан еткен жүз отыздан астам ұлттар мен ұлыстардың ұлттық идеясына негізделген идеология болатынына сенуге болады. Тарихшы ғалым Ханкелді Әбжанов «Мәңгілік ел» идеясы және тәуелсіз Қазақстан жолы атты мақаласында «Елбасымыз ұсынған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы – «Мәңгі ел» тұжырымдамалық идеологемасының жаңа әлемдегі, жаңа тарихи дәуірдегі заңды жалғасы» дей келе «Мәңгі ел» – арғы бабаларымыздың ұлы интеллектуалдық серпілісі. Күлтегін жазуында «Мәңгі» сөзі бес рет қолданылған деген дәлел келтіреді. Демек, байырғы түркі қоғамында дүниеге келген қысқа да нұсқа «Мәңгі Ел» ұстанымы, біріншіден, арғы бабаларымыздың адамзат өркениетіне, оның ақыл-ой қазынасына қосқан айрықша интеллектуалдық үлесін айшықтаса, екіншіден, адамдардың әрқайсының һәм баршасының мүддесін, әрекетін, ұрпағының сабақтастығы мен жалғастығын жарасымды үйлестіруге септесетін әмбебап формуласы. Үшіншіден, осынау кемел пайым-тұжырым қазақ жерінен, Ұлы Дала елінен ешқашан табан аударған емес. Ол Қорқыттың ажалдан қашқанынан тартып ақын Ж. Молдағалиевтің: «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деген өлең жолдарымен санамызға шегеленген. XVIII ғасырда Әбілқайыр ханның: «Жайық өзені кеуіп қалғанша, тіпті ақыр заман келгенше қазақ халқы бұл жерден ешқашан айырылмайды», ХХ ғасырда Ә. Бөкейханның: «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ» дегенінен де мәңгілікке нық сенім еседі деп тұжырымдайды.

 

«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ МОЛ МҮМКІНДІКТЕРІ

 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы Елбасының 2017 жылы 12 сәуірде жарық көрген  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының негізінде жасалған. Онда ұлтымыздың жаңа тарихи даму кезеңінің негізгі мақсаттары көрсетілген, атап айтқанда: рухани және мәдени құндылықтарымызды сақтау және ұлғайту, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену. Осы мақсаттарға жету жолына бағытталған жобалар бүгінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда, атап айтсақ:

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы заманауи тәуекелдіктер мен жаһандық талаптарды ескере отырып, ұлттың рухани құндылықтарын жаңғыртуға, сондай-ақ Қазақстанның заманауи әлемдегі басекелік қабілеттілігін арттыруға, ұлттық сәйкестікті сақтауға, азаматтардың мәдени білімін және сана-сезімінің жоғары екендігін дәріптеуге бағытталған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамды шоғырландыруға, зиялы қауым мен жастарды, барлық ұлт өкілдерін Елбасы жариялаған жарқын идеяның айналасына біріктіруге мүмкіндік береді. Бағдарламаның барлық бағыттарын іске енгізу әлеуметтің, ғылыми-эксперттік қауымдастықтардың, азаматтық қоғам өкілдері мен жастардың белсенді түрде атсалысуымен жүзеге асады. Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. Бұл – жай ғана әдемі афоризм емес деп басталады Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы. Рухани жаңғырудың логикалық жалғасы болған ұлы даланы ұлықтау, ұлттық философиямызды дәріптеу жолында қызмет етуде.

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 16 наурызында «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан Халқына жолдауы өз қызметін бастады. Неге жаңа, неге қатысты жаңа деген философиялық сұрақтарға жауап іздеу міндеті де жоқ емес. Бұл жолдаудан қазақстан халқы шын мәніндегі оң өзгерістер күтіп отыр. Философия "өмір салты" емес, әр адамның өзіндік "философиясы" жоқ. Философия тек бір нәрсе туралы теория емес, сонымен қатар, ол сенім немесе тілек те емес. Философия - бұл әрекет, даналықты, ізгілікті іздеу. Философ әрқашан философияны, даналықты іздеуді өмірге әкеледі және үйретеді. Философия - бұл ойдың қызметі. Философия - бұл ойлаудың ерекше ерекше түрі немесе ойлау стилі. Философияны оның өнімімен шатастырмау керек. Философия пәнінің дәрістер жинағы арқалы мен Сіздерге - философия емес, философиялық ойлардың жиынтығын беруге тырыстым