Дәріс 2. ОЙЛАУ ТҮРЛЕРІ. КӨРКЕМДІК РЕФЛЕКСИЯ

Дәрісте ой, ойлану, ойлау, ойлау түрлері және философиялық ойлау мәселелері талқыланады. Дәріс мақсаты студентті ойлау түрлерімен таныстырып, өзінің қандай ойлау түрін пайдаланатынын білуіне жәрдемдесу, философия пәнін игерудегі басты құрал – «ойлау» екендігін жақсы түсінуіне көмектесу. Адамды барлық тірі жандылардан ерекшелендіретін факторлардың бірі - ойлау процесі. Ол кім, жасы нешеде, қандай қызметте, қайда немесе қалай өмір сүреді, маңызды емес, маңыздысы аталған критерийге сай келетін барлық адамдар белгілі бір дәрежеде ойланады және сол ой сол адамның жеке өмірлік тәжірибесі ретінде қалыптасатындығында. Ойлау туралы ой - ойланудың жемісі. Адам ойлану үшін оған ойлану дағдысы керек. Ойлау қабілеті келіп түскен ақпараттар мен мәліметтерді өңдейтін әр адамның ішкі ақылды процесі немесе шеберханасы. Философияның тарихи дамуында бірқатар негізгі бөлімдер мен бағыттар бар. Оның ішінде ойлау, қисынды ойлау туралы ілімді логика зерттейді. Логиканың ресми, ресми емес, классикалық, классикалық емес, символикалық, математикалық, модалды, есептеу, индуктивті, дедуктивті сынды бірнеше түрлері бар.

        Ғылыми тұрғыдан ойлаудың бірнеше түрлері бар. Сіз кестеде көрсетілген ойлау түрлерін күнделікті өмірде пайдаланып жүрсіз. Сіздің жіберген қателіктеріңіз немесе дұрыс емес таңдау жасаған кездегі өкінішті нәтижелер ойлану түрлерін дұрыс пайдаланбауыңыз деп түсінуге болады. Ойлаудың барлық түрлері қоршаған әлемді түсінуге, күрделі мәселелер мен кроссворд шешуге, логикалық таңдау жасауға және өзіміздің құндылықтарымыз бен наным-сенімдерімізді дамытуға көмектесу үшін пайдаланылады. Кестеде ойлаудың конвергентті аналитикалық, дивергентті, сыни және креативті деген негізгі төрт түрі берілген. Сонымен қатар, әр ойлау түрінің негізгі элементтері, оған келтірілген мысалы және шартты түрдегі нәтижесі берілген. Кестеге қарап әр студент өзінің қай ойлау түрін жиі пайдаланатынын анықтауға, өзін-өзі тексеру мүмкіндігі бар. Әр адам бір рет болса да мен кіммін және менің ойлау қабілетім қандай деп ойланғаны анық. Негізгі және өзге де жанама ойлау түрлерін нысанаға ала отырып сіз өзіңіздің ойлау қабілетіңізді анықтай аласыз, оған қоса оны өз өміріңіздегі мысалдар арқылы дәлелдейсіз.  Келесі кестеде ойлаудың аталмыш төрт түріне негізделген абстрактілі, аналитикалық, шығармашылықты, нақты, сыни, конвергенттік және дивергенттік атты ойлау қабілеттері қарапайым түсініктеме арқылы берілген. 

Ойлаудың керемет көріністерінің бірі - Көркемдік рефлексия. Ол философиялық қиялды қоса отырып болып жатқан ситуацияны бағамдап, көркем шығарманың кейіпкері, көркемдік тәсілі бола алады. Бұл ұстаным өзін басқаның орнына қоюға, автордың ойларымен, кейіпкердің іс-әрекеттері мен күйзелістерімен сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Көркемдік рефлексия мәтін мен оқырман арасындағы байланыстырушы буын болып табылады, оқырманның туындымен жұмыс істеу арқылы оның танымдық-рефлексивті қызметінде пайда болатын жаңа мағыналық кеңістік құрады. Шын мәнінде, көркемдік рефлексия – бұл жеке мағыналарды байыту және авторлық ұғымдарды терең түсіну мақсатында өздері арқылы мәтіндерде басқа мағыналарды көру және меңгерудің дамыған оқырман қабілеті. Көркемдік рефлексиясы өнер философиясымен жақсы таныла алады, алдағы лекцияларда өнер философиясына жеке тоқталатын боламыз.

 

ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ОЙЛАУ

 

Философия өмірдегі қалыптасқан көптеген дәстүрлерден шабыттанып, философиялық ойлау, яғни "жүрек пен ақыл" аралығы аспектілерін қамтиды. Шын мәнінде философия өмір туралы ғылым, яғни ол ұранды немесе қанатты сөздер тізбегі емес, немесе бір адамның екінші адамға қарағанда тереңірек екенін немесе ақылға қонымды мәлімдемелер жасағандығы туралы да емес. Бұл дұрыс өмір сүру туралы, біз қаншалықты аз түсінетінімізді кішіпейілділікпен, қатал, өзара және шынайы дәлелдерге адалдықпен және басқаларды тең құқылы мүше ретінде тыңдауға және олар ұсынатын нәрсеге жауап беруге дайын болу туралы ғылым. Философия көбінесе заттардың табиғаты туралы жиі кездесетін сұрақтарға жауап береді: сұлулықтың табиғаты қандай? Шынайы білімге ие болу нені білдіреді? Іс-әрекетті ізгілікті немесе тұжырымды шынайы ететін не? Мұндай сұрақтарды көптеген нақты салаларға қатысты қоюға болады, нәтижесінде өнер философиясы немесе эстетика, ғылым философиясы, этика, гносеология немесе эпистемология және метафизика т.б. Философиялық ойлаудың ғылыми-техникалық, экономикалық, саяси, көркемдік және ақыл-ой қызметінің басқа түрлерінен ерекшеленетін бірқатар ерекшеліктері бар. Философиялық ойлау әлемдегі ең маңыздысын анықтауға бағытталған, сондықтан адам мен оның өмірі үшін ең маңызды не деп ойланғандағы туатын ой маңызды. Себебі философиялық ойлаудың барлық мәселелері әлемде, қоғамда адамның өмір сүру құбылысына негізделген. Философиялық ойлау - бұл адам санасында шындықты бейнелеудің ең жоғары теориялық деңгейі. Философиялық ойлаудың маңызды міндеттері-тұтас, жалпы, әмбебап тәртіпті, сұлулықты, үйлесімділікті, шындықты іздеу. Философиялық ойлау - ең ауқымды тақырып. Философиялық ойлау адамның әлеммен танымдық және практикалық өзара әрекеттесуінің жалпы принциптері мен заңдылықтарын ашуға ғана емес, сонымен бірге адам өмірінің мәнін, оның өзгеретін әлемдегі құндылықтары мен перспективаларын түсінуге бағытталған.

Философия адамдар әлемді түсінуге тырысқан кезде басталады, яғни философия білім мәселесі емес түсінік мәселесі. Біздің көпшілігіміздің күнделікті өмірі мәжбүрлейтін нәрселер емес, керісінше тұрмыстықтан тыс түсінуіміз қиын нәрселер алаңдатады. Содан соң біз күрделі сұрақтар қоя бастаймыз. Ол сұрақтар өмірдің әр саласына қатысты болуы мүмкін. Философия – өте ерте тарихқа ие академиялық пән. Шын мәнінде, оның тамыры адамзат өркениетінің бастауы. Философия экспрессивті және коммуникативті даму қабілеттеріне ерекше үлес қосты. Заң, үкімет, дін, отбасы, неке, өнеркәсіп, бизнес, білім сынды қоғамның институттары философиялық идеяларға негізделген. Үкіметті құлату, заңдарға түбегейлі өзгерістер енгізу және тұтас экономикалық жүйелердің трансформациялар философиялық келіспеушіліктер нәтижесінен туындайды. Философияны зерттей отырып, адамдар өз сенімдерін анықтай алады және бұл оларды негізгі сұрақтар бойынша ойлануға итермелейді. Философия адамды мәдени, күрделі және жан-жақты дамыған толыққанды адам ете алады. Философия стандартты емес әр түрлі ой-пікірлерді синтездеуге, анализдеуге, сынауға, жүйелеуге және бағалауға мүмкіндік беретін күрделі әрі үлкен білім. Философияны игеру арқылы адам лайықты өмір сүруге мүмкіндік алады.

Мемлекеттік саяси жүйені модернизациялау процестері бір уақытта екі жағдайды бастан кешіреді: ескі құндылықтарды алып тастау және жаңа құндылықтарды енгізу. Егемендік алғаннан кейін посткеңестік кеңістіктегі ескі іздер мен идеологиялық синдромнан арылуға деген ұмтылысты өз бетінше жаңа ойлауға деген ұмтылыс басуы шарт. Осы бағыттағы саяси реформаларды үздіксіз іске асыру қазақстандық қоғамды демократияландыруға, идеология мен құндылықтарды нығайтуға және азаматтық қоғам белгілерін толық қалыптастыруға ықпал етеді. Танымал философ Жан Поль Сартрдың досы, француз философы, әрі жазушысы Поль Низан ойлаудың екі әдісі бар және философтың міндеті оған жауап іздеу деп есептейді. Біріншісі, әлем туралы біздің білімімізге, екіншісі адам өміріне арналған. Қазақстанның Үшінші жаңғыруы аясында қазақстандық философия мен қазақстандық философ алдында инновациялық мәдениет пен креативті ойлау, рухани-адамгершілік негізге сүйенген дамудың жаңа биігін бағындыру міндеті тұр. Келесі үшінші лекция философияның іргелі мәселелерінің бірі – санаға арналады.