Дәріс 3. САНАНЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ

«Сана, рух және тіл» атты дәрістің мақсаты  студентке сана онтологиясын, тілдің философиялық қызметі мен философия тарихындағы «рух» ұғымын түсіну үшін нақты мәліметтер беру, сонымен қатар, сана ашықтығы, адамның салауатты бәсекелестікке түсуі мен оған дайын болу қажеттілігін ұғындыру. Мемлекеттің қазіргі таңдағы ұстанып отырған саясатының философиялық түпкі мәнін студенттің түсіне алуына көмектесе отырып, өзін толыққанды мемлекет, қала берді әлем азаматы екенін сезінуіне мүмкіндік беру. Бастысы, студент әр адам бұл өмірге белгілі бір миссиямен келеді, оны орындау - міндет деген өзіндік сананы қалыптастыра алады, сол арқылы рухын мықты етеді.

Сананың пайда болуы адамның пайда болуымен және оның қалыптасу табиғатын түсінуімен тікелей байланысты. Оған дәлел адамдардың ертеден қалыптасып келе жатқан рухани наным-сенімдері мен тұрмыстық жағдайдағы салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары. Бірақ біз сана сынды философияның аса күрделі ұғымын талқыламас бұрын «Жан», «Ақыл», «Парасат», «Рух» ұғымдарына тоқталып өтеміз. «Жан» - дін мен философияда адамның материалдық емес аспектісі немесе мәні, даралықты және адамгершілікті қалыптастыратын, көбінесе ақылдың немесе жеке тұлғаның синонимі болып саналады. Теологияда жан жеке адамның жаратқаннан берілген бөлігі және ол дененің өлімінен кейін де өмір сүре алады деп саналады. Платонның "Тимей" еңбегінде «Жан» - ақылдың одақтасы және жанның ақыл, рух және тәбет сынды үш бөлігі арасындағы үйлесімділік аса маңызды. Пифагордың пайымдауынша, жан денемен бірге өлмейді, ол басқа орынға, басқа бір жануардың түріндегі денеге өтуі мүмкін.

Пифагордың кейбір ізбасарлары өлгеннен кейін адамның жаны кезекпен әр жерге, теңізге немесе ауаға және ең соңында, тарихты қайталау үшін қайтадан адамға оралады деп есептеген. Дегенмен «магнит темірді қалай жылжытса, жанда денені солай қозғалтады» деп жанның өлместігі туралы айтқан алғашқы философ Фалес болатын. Хәкім Абай жанның орнын жүректе деп көрсетеді. Жан адамның тыныс-тіршілігін, іс-әрекетін жүрек арқылы басқарады. Егер жан жетілмеген болса, онда адамның іс-әрекетінде де кемшілік болады. Ішкі дүниесі тазарып, жетілген адам ғана қателікке ұрынбай, өмірде жаңсақ баспай, дұрыс өмір сүре алады. Адам баласының бақыты оның жүрегінің тазалығымен тығыз байланысты деп үйретеді Абай.

Ақыл - философтардың пікірінше, бұл бізге тануға мүмкіндік беретін логикалық тұжырымдардың қабілеті немесе процесі. Теологияда адамның ақыл-ойы діни шындықты ашу немесе түсіндіру арқылы жүзеге асырылады. Ғылым философиясы тарихында есімі үлкен әріптермен жазылатын философ Ф.Бэкон адам білімінің "ақылға қатысты" бөлігін екіге бөлді: біреуі "жанның немесе ақылдың мәнін немесе табиғатын зерттейді, екіншісі олардың қабілеттері мен функцияларын зерттейді". Неміс философы Иммануэль Кант ақылды таза және практикалық деп бөліп қарастырып, ақыл-парасат беретін ұғымның жан-жақты принциптері арқылы бірлікке синтездеу мүмкіндігін айтты. Юм: "ақыл мүлдем жансыз және ешқашан ар-ождан немесе адамгершілік сезімі сияқты белсенді бастаманың қайнар көзі бола алмайды" деген болатын. XIX ғасырдың ортасында қазіргі заманғы ғылыми психологияда интроспективті әдістер Вильгельм Вундт (1897), Герман фон Гельмгольц (1897), Уильям Джеймс (1890) және Альфред Титченер (1901) жұмыстарында басым болды. Көптеген ғалымдар «гений», яғни ақылды, данышпан тұқым қуалаушылықтың да, қоршаған ортаның да функциясы деп санайды. Ерекше жетістіктердің бастапқы әлеуетін мұрагерлікке беруге болады, бірақ бұл әлеуетті іске асыру, кем дегенде, белгілі бір дәрежеде, қабілетке, оқуға, өрісті иеленуге, ағымды, автономияны, төзімділікті және тұқым қуалайтын әлеуметтік тұрғыдан анықталған жеке қасиеттердің үйлесуіне байланысты. Демек, ақылды адамдарды ақылды қоғам тудырады.

Қазақстан Энциклопедиясында «Парасат» – жеке тұлғаның қадір-қасиетін, кісілік кемелдігін білдіретін жиынтық ұғым деген анықтама берілген. Парасат сөзі көбіне  «парасат-пайым», «ақыл-парасат», «парасаттылық» деп қолданылады. Парасат жеке дара өзге тілдерге аударылмайды, қазақ тілінде өз алдына жеке ұғымдық талдамаға ие. Парасат туралы, Ж.Баласағұни «Парасат – қараңғыдағы шырақ» десе,  «Ақыл-парасат күші адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнерді ұғынуына және жақсы қылық пен жаман қылықты айыруына көмектесетін күш» - дейді Әл-Фараби. Айтылған аталмыш ұғымдардың қомақтысы – рух. Рух ұғымына философиялық, тілдік, діндік, психологиялық, саяси, мәдени, әлеуметтік тұрғыда жасалған талдама көп. Рух ұғымы руханилықтың негізі, яғни адам болмысының өзегі, әрі негізі. Шәкәрімше қайырсақ, «Рух деген – дiнсiз таза ақыл, Мiнсiздiң iсi шын мақұл».

САНА БОЛМЫСЫ

Сана – философия ғылымының айналысатын ең негізгі, ең басты проблемасы. «Сана философиясы - сананың табиғатын және дене мен адам психикасының арақатынасы мәселесін зерттейтін бағыт. Түсіну табиғаты, сананың ең күрделі проблемаларын тура зерттейтін ғылым. Мәселені философиялық тұрғыдан қарастырудың тамыры ежелгі кезеңнен басталғанымен, биологияның, психологияның және нейробиологияның дамуы философтарға бір жағынан өз пәндерінің шекарасын кеңейтуге, екінші жағынан табиғи және ғылыми бағыттардың өкілдеріне жаңа міндеттер қоюға мүмкіндік берді. "Саналы" және "сана" сөздері психикалық құбылыстардың кең ауқымын қамтитын жалпы терминдер болып табылады, "саналы" сөзі диапазоны бойынша біртекті емес. Жануар, адам немесе басқа да танымдық жүйе әртүрлі мағынада саналы ретінде қарастырылуы мүмкін. Сана ұғымының зерттелу ауқымы үлкейген сайын оның тылсым, жасырын қырлары мен түрлері көбеюде. Мысалы, ұлттық сана, қоғамдық сана, азаматтық сана, мемлекеттік сана, құқықтық сана т.б.  Философия сананы өз тұрғысынан зерттейді, табиғат пен рухтың арақатынасы, материя мен сана, объективтілік пен субъективтілік туралы негізгі сұраққа жанастырады. Ұшы қиыры жоқ сахарадағы құмның ирек-ирек бейнесіндей сана философиясының иірімдері де не санауға, не анықтауға не тұтастай игеруге келмейді. Сана философиясының негізгі әдістерінің бірі - ойлау эксперименті. Философия мен ғылымдағы сана мәселесінің қызметі қандай адам және адамның әлем туралы біліміне саяды. Қазіргі философия деректерге сүйенеді, керісінше, жеке ғылымдар философиялық тұжырымдарға сүйенеді, осылайша олардың әрқайсысы өз бағыттарына қарай ыңғайлап білім жинақтайды да түрлі әдістер қолданып біріктіреді.

Сана басқа ғылымдар үшін сана проблемасы болса, ал философтар үшін ол – «Ұлы Сана». Танымал отандық ғалым Мекемтас Мырзахметұлы «Қазір дүниетаным өзгерді. Бұрын бәріміздің шоқынатын жеріміз материализм еді. Барлық қоғамдық ойға да, өндіріске де, барлық саланың іргетасы ретінде осы затшылдықты алатынбыз. Оның негізін салған кванттық физиканың өкілдері. Сәуленің бөлінбейтін бөлігін квант деп атайды. Ал, заттың бөлінбейтін бөлшегін атом дейді. Сол атоммен квант теңдес. Осы арқылы дүниені билейтін материя емес, дүниені билейтін ұлы сана дегенге келді. Ол ғылыми тұрғыдан мойындалды. Бірақ, оны қабылдау қиын болып жатыр» деген ой айтады. Ғалым-философ Ғарифолла Есімнің айтуынша, қазақ халқының ойлау мəдени кеңістігінің екі тарихи өлшемімен анықталмақ. Бірінші - «алғашқы мəдени тарихи, бүгінгі қазақ этносын құраушы ру, тайпалардың тарихына, тұрмысына, мəдениетіне қатысты анықталмақ, тарихқа белгілі Ғұндар империясы, Түрік қағанаты, Үйсін мемлекеті, Қыпшақ мемлекеті, Алтын Орда мемлекеті, одан беріде Ақ Орда, Көк Орда құрамындағы тайпалардың түркі тіліндегі қалыптасқан дүниетанымы». Екінші - «қазақ ойлау мəдени кеңістігі Қазақстан территориясына ислам діні мен мəдениеті арқылы енген араб тіліндегі философиядан нəр алған. Ислам философиясы арқылы Қазақстанға Сократ, Платон, Аристотель ілімдері тарай бастады. Еліміздің даналары грек философиясымен араб тілі арқылы танысты». Қазақтың ойлау мəдениеті арқылы халықтық санасының қалыптасуына негіз болатын рухани қайнарлар осылар деп тұжырымдайды.

Әрбір адамның көрген білгені арқылы қалыптасатын жеке және өзіндік санасы секілді халықтың басынан өткерген түрлі жағдаяттарда халық санасында қатпарланып жинала береді. Жалпы сана өте күрделі мәселе. Сананы адамның зерттеуі бір жағынан қарағанда бос әурешілік секілді, екінші жағынан қарағанда адамның рухани әлемін жетілдіру үшін оның талаптарын, ішкі қыртыстарын игеру қажеттілігі туады. Сана адамның нақты дене мүшесі емес, ол ми қызметінің жемісі деп түсіндірілгенімен де, ол жаратылыстың ғарыш, жер секілді іргелі бұрыннан бар дүниесі. PhilPapers (Филпейперс) - философтар қауымдастығы қолдайтын философияның жан-жақты көрсеткіші және библиографиясы. 2009 жылдың 28 қаңтарынан бастап жұмыс істейді. Негізін қалаушы әрі редактор батыс Онтарио университетінің цифрлы философия орталығының директоры Дэвид Бурже. PhilPapers сайтында философиялық зерттеу материалдарының барлық түрлері, соның ішінде журналдар, кітаптар, ашық қол жетімді мұрағаттар және ғалымдар қолдайтын жеке парақшалар бар. Қазіргі уақытта PhilPapers индексі 5 647 санатқа бөлінген 2 552 200 жазба бар, ресми тіркелген пайдаланушылары 270 000-нан астам. Оның философиялық зерттеулері екі негізгі жоба төңірегінде өрбиді. Біріншісі, сананың репрезентативті теориясы және сананың ғылыми түсіндірмесін жасақтаудағы оның атқаратын рөліне қатысты. Екіншісі, мағыналар, тұжырымдамалар және бейсаналық психикалық жағдайларды негіздеудегі сананың рөлін зерттейді. Қосалқы редактор Нью-Йорк университетіндегі  философия және нейронология факультетінің профессоры, философ, сонымен бірге, ақыл, ми және сана орталығының директоры Дэвид Чалмерс. Зерттеу аясы ақыл философиясы (әсіресе сана) және когнитивтік ғылымның негіздері, сонымен қатар тіл философиясы, метафизика және эпистемология. Халықаралық дәрежедегі кәсіби маман, ғалым-философ Чалмерс пікірінше: «Сана өмірге мән береді. Егер біз саналы болмасақ, өмірде ештеңе маңызды немесе құнды болмас еді. Бірақ сонымен бірге бұл ғаламның жұмбағы. Сананы ғылымға біріктіру үшін радикалды идеялар қажет. Кейбіреулер сана туралы ғылым мүмкін емес дейді. Ғылым өзінің табиғаты бойынша объективті. Сана субъективті. Сондықтан сана туралы ғылым ешқашан бола алмайды».

Сананы айшықтайтын факторлардың бірі – тіл. "Тіл философиясы" термині салыстырмалы түрде жаңа. Бағыттың пайда болуы философиялық мәселелер тек логикалық-лингвистикалық талдау арқылы түсіндіруге болатын тілдік проблемалар деген идеяға негізделгенімен, бұл тәсілге деген қызығушылық философиялық теорияларды тудырды, олардың кейбіреулері үшін байланыс нүктелері болса да, әртүрлі философиялық тұжырымдамаларды жасады. Неміс лингвисті Вильгелм Гумбольдт әдіс пен тіл философиясының негізгі ұстанымдарын қалыптастырған XIX ғасырдағы алғашқы зерттеуші. Ол сананы материяға тәуелді емес және оның заңдарына сәйкес дамитын ерекше бастапқы негіз ретінде қарастырды. Бұл ұстанымды тілдің мәнін анықтауға қолдана отырып, ол тілдің бүкіл жиынтығында жан бар екенін және ол рух заңдарына сәйкес дамитынын жазады. Гумбольдт пікірінше, халықтың рухын тек тілдің арқасында білуге болады. Тіл ұлттық рухтың ерекше және нәзік белгілерін көрсетеді. Ғалым сілтеген бағытқа бет бұрушылар көп болды және олардың әрбірі тіл философиясы тарихында өз ізін қалдыруға тырысты. Атап айтсақ,  Готтлоб Фрегтің логика ережелері арқылы тілді нақтылауға бағытталған "лингвистикалық бұрылысы". Фрег сөздердің мағынасын психикалық бейнелермен немесе күйлермен байланыстырмас үшін лингвистикалық талдаудан психологиялық ойларды алып тастау керек принципті ұстанды. Осы жолдағы Бертран Расселл (1872-1970), Джордж Мур (1873-1958), Людвиг Витгенштейн (1921), Рудольф Карнап (1891-1970) және Виллард Ван Орман Квин (1908-2000) сынды ғалымдар мен олардың еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Осы аталған және аталмаған теоретиктер жасаған әр түрлі көзқарастарға қарамастан тіл философиясы негізгі екі идеямен сипатталды: біріншіден, тек табиғи ("қарапайым" деп те аталады) түрде тілді үйрену, тілдің қалай жұмыс істейтінін түсінуге мүмкіндік береді, екіншіден, бұл тілдің ерекшелігі оның іс-әрекеттерді орындау қабілетінде жатыр. Шығыстық сипаттағы тіл философиясына Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» атты философиялық еңбегін жатқызуымызға болады. Ол алғаш рет түрік мәдениетін толыққанды сипаттаған философиялық ұғымдар мен терминдерге бай ХІ ғасырдағы ірі еңбек. Философиядағы аса күрделі сана проблемасына арналған лекциямыз аяқталды. Келесі 4-ші лекция маңыздылығы еш кем емес «болмыс» мәселесіне арналады.