Дәріс 4. ОНТОЛОГИЯ ГЕНЕЗИСІ

«Болмыс. Онтология және метафизика» атты 4-ші дәріс мақсаты студенттерге аса күрделі философиялық ұғымдарды өмірлік мысалдар, қарапайым қағидаттар арқылы түсіндіру, сонымен қатар, аталмыш ұғымдардың өте ертеден бастау алған тарихи жолдарына және ондағы елеулі тұлғалар мен олардың тұжырымдарына тоқтала отырып болмыс мәнін ұғынуға мүмкіндік ашу. 

Болмыстың бастапқы философиялық мәні «болу» және «болмау» категорияларына байланысты, яғни болу мен болмау арасындағы қарым-қатынас мәселесі. Философияның түбегейлі мәселесі ретінде немесе екі негізгі философиялық парадигма болмыс философиясы немесе бейболмыс философиясы деп нені қарастыруға болады?

Антикалық ойшыл Парменид алғаш рет қолданған «Онтос» сөзі грек тілінен аударғанда (ontos – барлық тіршілік, бар нәрсе; logos – сөз, ақыл, ой, ілім ) дегенді білдіреді. Онтология – бар дүниенің негіздері немесе болмыс туралы ілім, сонымен қатар онтология жалпы негіздерді, болмыс принциптерін, оның құрылымы мен заңдылықтарын зерттейді. Онтология анықтамасын тұрмыстық түсінікте «тіршілікті зерттеу» деп түсінуге болады. Онтология - бұл философиялық ой мектебінің бөлігі және заттардың табиғатын, оның ішінде олардың себептері мен жеке басын зерттейтін метафизика бөлімі. Осы тұжырымдаманы талқылай бастаған кезде онтологиялық дәлелдер мен философтардың мысалдарын зерттеу қажет. Сіз өмір сүру деген не немесе өмір деген нені білдіреді деп ойладыңыз ба? Ұқсас күрделі сұрақтар онтология деп аталатын философия бөлімінің бөлігі.

Онтология, ең қарапайым түрде, тіршілікті зерттеу, бірақ ол өте күрделі әрі ауқымды. Онтология дегеніміз - заттардың бар-жоғын қалай анықтайтынымызды зерттеу, сонымен қатар тіршіліктің жіктелуі. Ол абстрактілі заттарды алып, олардың нақты екенін анықтауға тырысады. Парменид Италияның оңтүстігіндегі элеядан шыққан грек философы, Элей мектебінің негізін қалаушы. Оның негізгі жұмысының бірнеше сақталған фрагменттері - "табиғат туралы"деп аталатын үш бөлімнен тұратын ұзақ поэтикалық шығарма. Парменид шынайы бар заттардың көптігі және олардың өзгеретін формалары мен қозғалысы – Мәңгілік тұтас шындықтың, яғни болмыстың көрінісі деп санайды. Бұл тұжырым оның  "барлығы тұтас" принципінің пайда болуына әкеліп соқтырды. Болмыстың осы тұжырымдамасына сүйене отырып, ол өзгеріс немесе бейболмыс туралы барлық мәлімдемелер қисынсыз деп есептеді. Ол болмыстың логикалық тұжырымдамасына бейнелену туралы мәлімдемелерді негіздеу әдісін енгізгендіктен, ол метафизиканың негізін қалаушылардың бірі болып саналады. Сократ адам болмысы мен білім болмысын ашуға және дәлелдеуге тырысты, ал Платон “идеалдық әлем” болмысы ойын ұсынып, болмыс парадигмасының екі жағын ашты: “Феноменалды болмыс” және “Метафеноменалды болмыс” Плотинның айтуы бойынша, адам жаны – әлемнің бір бөлшегі, сондықтан ол тәнді басқаратын өзінше бір болмыс, бірақ табиғатына тән материядан тыс болады.

 

БОЛМЫС, ОНТОЛОГИЯ ЖӘНЕ МЕТАФИЗИКА: ФИЛОСОФИЯ ТАРИХЫНА ШОЛУ

 

        Шығыстық мәдениетте болмыс мәселесі шынайылық пен өткіншіліктің баламасы ретінде Үнділердің «Ригведа» гимндерінде талданады. Әлем мен адам тұрақтылығының кепілі - универсалды, толыққанды, абсолюттік ақыл-ой. Абсолюттік ақыл-ой - абсолюттік болмыстың бейнесі. Буддизмде де азап шегу – көрініс тапқан болмыс жағдайы, босату – көрінбеген болмыс жағдайы деп түсіндіріледі. Қытай философиясындағы маңызды ұғымдарының бірі Инь және Янь – дүниенің бастауында тұрған мәндер, яғни барлық болмыс ол екеуінің біртұтастығы арқылы ғана бар бола алады. Демек, олар диалектикалық бірлікте болатын қарама-қарсылықтар: аспан мен жер, ұрғашы мен еркек, ыстық пен суық т.б. И Цзиннің аса танымал «Өзгеріс кітабындағы» символдары мен ұстанымдар дәстүрлі Қытайдың болмысын қамтиды.

Б.з.д. IV ғасырда грек философы Аристотель "бірінші философия", "бірінші ғылым" деп трактат жазды да бірінші философияның екі анықтамасын берді: біріншісі "болмыс", яғни, болмыстың табиғаты немесе заттың болуы, тіпті болу деген нені білдіреді дегенге жауап береді. Екіншісі "заттардың түпкі себептерін" зерттеу, яғни, олардың бастапқы немесе алғашқы себептері. Осы екі анықтаманың арақатынасы кеңінен талқыланатын мәселе болып табылады. Аристотель өзінің трактатында қарастырған барлық мәселелер әлі күнге дейін метафизикаға қатысты болып саналады, дегенмен, 17 ғасырдан бастап «Метафизика» сөзі көптеген өзге мәселелерге қатысты басқаша қолданыла бастады. 1561-1609 жылдары өмір сүрген неміс философы Якоб Лорхард "онтология" терминін ғылыми айналымға ресми түрде енгізді. Ол бұл сөзді сегіз томдық "Огдоас схоластика" еңбегінің бірінші томында дін мен ғылыми зерттеулер арасындағы байланысты талқылау үшін қолданған. Бұл Ағарту дәуірінің басында өмір сүрген адамдар үшін өте қызықты тақырып болды, осының негізінде көптеген ғалымдар жаңа идеяларды ашты. Лорхардтың "Огдоас схоластикасы" бастауыш мектепке арналған оқулық ретінде жазылды. Ол өз заманының ең негізгі философиялық тұжырымдамаларын анықтауға арналған және онтологияны иерархия немесе жіктеу тәртібі ретінде анықтаған. Сегізінші томды жазу кезінде Лорхард онтологияға толығымен назар аударды. Оған басқа неміс философы Клеменс Тимплердің жұмысы қатты ықпал етті. Екеуі де адамның көзқарасы, ақылға негізделген көзқарас тұрғысынан білуге болатын идеяға назар аударды.

Ортағасырлық христиандық философия: Барлық болмыстың себепкері болғандықтан Құдай философиялық пікірлердің орталығы болып табылады деп есептейді. «Құдай дегеніміз – бұл ақиқат». Аталмыш дәуірдің белді өкілі әулие Августин және оның ізбасарлары үшін Құдайдың бар болуы ақиқаттың бар болуымен дәлме-дәл келеді. Августин өзінің «Тәубеге келу» еңбегінде уақыт Құдайдың еншісінде, «өткен күндер – енді жоқ, ал болашақ – әлі келген жоқ». Осы шақ болмыстың үздіксіз болуы деп жазды. «Жетілдіру үшін сенемін» принципінің авторы Кентерберийлік Ансельм Құдайдың болмысын төрт тармаққа бөліп дәлелдеуге тырысты. Кейін Ансельмнің осы дәлелдемесін Кант «Құдайдың онтологиялық дәлелдемесі» деп атаса, Николай Кребс немес Кузандық Николай «абсолютті максимум» деген екен.

Келесі бір осы кезеңнің белді өкілі Акуинолық Фоманың пікірінше, «Құдайдан басқа ешнәрсе жоқ. Болмыстың өзі – Құдай. Бұл жоғары ақиқат. Қалғанының бәрі оның ой-өрісінің жемісі». Бертін келе флоренциялық гуманист Пико делла Мирандола 900 тезистен тұратын «Адам таныған барлық болмыс туралы» атты трактат жазып, сезімдік әлем жоқтан пайда болған жоқ, көрінбейтін жоғары болмыстан пайда болды деп есептеді. Біз әлі күнге дейін қолданатын алгебралық символизмді жасап, аналитикалық геометрияның "атасы" деген аттаққа ие болған, рефлексологияның негізін салған, турасын айтқанда физикада механика жасаған  француздық математик-философ Рене Декарт дүние екі бастамадан, яғни «болмыс және ойлаудан» тұрады деп екі бірдей субстанция туралы ғылымды жақтаған.  Француздың келесі бір ғалымы Жан-Жак Руссо «Ғылым мен мәдениет жасанды қажеттіліктерді туғызады да, адамды шын болмысында «болу»-ға емес, соған «ұқсату»-ға итермелейді. Адамдар жаратылысынан теңсіз емес, ол «материалдық бөліністің нәтижесі» деп жеке меншікті теңсіздіктің физикалық, материалдық (мүліктік) және саяси сынды үш түрімен сипаттайды. Дидроның ойынша, болмыс тек материя мен қозғалысқа тән. Гельвеций материалдық болмысты ғана мойындап, Әлем «қозғалмалы материядан басқа ештеңе де емес, ал уақыт пен кеңістік – материяның өмір сүру формасы» деген тұжырым жасады.

Неміс философтарының да болмыс туралы ой-пікірлеріне тоқталып өтуге болады. Фихте құдаймен тең «абсолютті болмысты» жақтаса, Шеллинг материалдық болмыстың қарапайым формалардан бастап ойлайтын тіршілік иелеріне дейін жаңа түрлерін іске асырады деген тезисті ұсынады. Сонымен қатар, өнер ғана мәңгілік болмыстың, яғни құдайдың ақиқаттылығын ұғындырады деп өнердің культін жоғарылатады. Гегельдің теориялық жүйесіндегі басты ұстаным: Болмыс пен ойлаудың тепе-теңдігі. Оның мәні «логикалық тарихилықтың алғышартында», яғни тарихи процестің мәнін процесстің барлық даму сатыларынан өтіп, дамудың жоғары шегіне жеткен кезде ғана ұғуға болады. Маркстік философия материализм өз ұстанымдарын тарихи құбылыстарды түсіндіруде қолданып, қоғамдық болмыс пен қоғамдық санаға тән негізгі заңдарды анықтады. Демек, болмыс сананы анықтайды, яғни бірінші эскиз, макет, лекало, сосын құрылыс, тігін сынды сананың өнімдері. Бертін келе, экзистенциализмнің бастаушысы болып саналатын дат философы Серен Кьеркегор көзқарастары Гегельге өзіндік реакция ретінде пайда болды. Ол адамды кез-келген тәуелділіктен-табиғи байланыстардан, әлеуметтік әсерлерден және адамды басқа адамдармен байланыстыратын басқа қатынастардан босатуға тырысты. Кьеркегор дәстүрлі философиядағы «категориялық тыйымдарды, яғни императивтерді» алып тастап, ондағы жалпыланған адамгершілік кодекстерін жекелеуге тырысты. Оның философия тарихындағы басты жетістігі – философияны адамға қарай бұруында, «адам мәселелерін» көтере отырып, субъективтік болмыс (экзистенция) мәселелерін қарастыруында. Адам дегеннің өзі еркіндік, ол өзіне-өзі қожа, өзінің еркіндігін өзі анықтайтын шамада, сондықтан ол өз таңдауын өзі жасауы тиіс. Еріктің онтологиясын зерттеп «Ерік пен Елестер ретіндегі әлем» атты кітап жазған Артур Шопенгауэр барлық философтардың жіберген қателігі – адамға негіз болатын интеллект деуінде, шын мәнісінде, адамға негіз болатын тек ерік-жігер ғана деді. Қазіргі таңда IQ ден гөрі EQ деген басымдылығы біраз жайтты аңғартады.  Шопенгауэр бойынша Ерік-жігер адамның негізі болып қана қоймайды, ол сондай-ақ әлемнің де ішкі негізін құрап, оған мән береді. Біздің болмысымызды екі әлемге бөлуге болады – «бергі жақ» беті және «арғы жақ» беті.

Болмыс туралы сөз қозғалғанда Мартин Хайдеггер және оның «Болмыс және уақыт» еңбегіне тоқталмай кете алмаймыз. Хайдеггер философиясының орталық тақырыбы - "болмыс туралы сұрақ". Хайдеггердің өмірлік тәжірибесі, күнделікті өмір, Dasein, әлемде болу, болмыспен бірге болу, болмыспен кездесу, шапшаңдық және қамқорлық құрылымы сияқты негізгі феноменологиялық постулаттарын қолданатын теориялық шеңбер күнделікті қарапайым адамның мағынасын ашуға қалай қызмет ете алатындығын қарастырады. Хайдеггердің болмыс идеясындағы лейтмотивтер әртүрлі, бірақ олар бір-бірімен байланысты. Осы лекция аясында айтылған және айтылмаған философтар мен олардың еңбектерімен философия тарихы туралы жазылған көптеген оқулықтар мен оқу құралдарынан толықтай білуге болады. Осындай әлемдік дәрежедегі ойшылдардың жаңашыл идеяларының арқасында ХХ ғасырда көптеген жаңа бағыттар мен орталықтар пайда болды. Олар адам өмірінің барлық салаларында көрніс тапты. Философиядағы болмыс мәселесінің логикалық жалғасы таным мәселесіне жанасады.