Дәріс 5. АДАМНЫҢ ӘЛЕМГЕ ДЕГЕН ТАНЫМДЫҚ ҚАТЫНАСЫ

«Таным және шығармашылық» атты кезекті дәріс мақсаты гносеология, эпистемология ұғымдарын талдап түсіндіру арқылы студентке шығармашылық танымдық қабілеттер мен проблемаларды шешудің маңызды бөліктерін ұсыну. Таным мәселесін алдыңғы лекциялардағы қарастырылған ойлау, сана, болмыс мәселелерімен шендестіре отырып, танымдық теориялар мен шығармашылық процесс туралы ой-пікір мен зерттеулерді синтездеу. Шығармашылық тұжырымдамасы халықтық тәжірибені түсіндірудің немесе түсінудің басты бағыты болып табылады және ұзақ уақыт бойы өнердің табиғаты, данышпандық және қиял туралы философиялық пікірталастарда көрнекті орын алды. Шығармашылық - бұл халықтық психологияға терең енген және адам қызметінің ауқымды спектрінде кеңінен қолданылатын ұғым. Адам бойындағы шығармашылықтың орталықтық орнын көрсете отырып, оның табиғаты мен механизмдері туралы философия, психология, өнер тарихы мен антропология сынды көптеген салаларда бірқатар еңбектер пайда болды. Шығармашылықтың танымдық зерттеулері дәстүрлі де, жаңашыл да болып табылады. Себебі танымдық ғылымдарға деген қызығушылықтың көп бөлігі жаңа құрылымдардың пайда болуымен байланысты және оған қызығушылық танытатын кез-келген адам шығармашылықты интеллектке ие.

Адамның әлемге деген танымдық қатынасын жүзеге асыру сананың дамыған формаларын, мәдениеттің қалыптасуын, адам қызметінің және іс-әрекеті мен қарым-қатынасын, оған қоса, адамның өзара әрекеттесуіне делдал болатын символдық жүйелерді құру. Таным – бұл моральдық нормалар, көркем образдар, сиқырлы символдар. Танымды гносеология атты философия бөлімі қарастырады, онда табиғи таным жолдары мен көздері, таным әдістері, сондай ақ білім мен шынайылықтың ара қатынасы қарастырылады. В.Ф.Петрова, М.Ш.Хасанов және Б.А. Джаамбаева авторлығындағы «Философия» оқулығында «Таным процесі қазіргі философиялық көзқарас бойынша білім алу – бұл алдымен интерпретация мен экстрополяция. Бұның міндетті жағдайы болып демаркация (бөліну), білім және білім емес. Ғылым мен мәдениеттің даму барысында білім мен білім еместі ажырату қиындап барады. Адамдардың өзі білім еместің мәнін түсіне бермейді де, нені білу керек екенін ажырата алмайды. Білім емес білім болу үшін мәнге ие болуы қажет. Сондай-ақ, білім емес құралы білім құралына айналуы тиіс. Білім еместің нақтылығы экстраполяция (тасымалдау) арқылы жинақталған білімді интерпретацияны қатыстыра отырып, мәселелерді шешу» деп тұжырымдалған. Гноселогияның батыстық баламасы – эпистемология.  Эпистемология, адам білімінің табиғатын, шығу тегі мен шектерін философиялық тұрғыда зерттеу. Бұл термин грек epistēmē ("Білім") және logos ("ілім") сөзінен шыққан. Бұл саланы кейде білім теориясы деп те атайды. Эпистемологияның батыс философиясында ежелгі гректерден бастап қазіргі уақытқа дейін ұзақ тарихы бар. Метафизика, логика және этикамен қатар, бұл философияның төрт негізгі саласының бірі және оған әрбір ұлы философ өз үлесін қосты. Әлем ұстазы Аристотельдің философия таңқалудан немесе шатасудан басталады деген тұжырымын негізге ала отырып адамдардың барлығы дерлік өздері өмір сүретін әлемді түсінгісі келеді және олардың көпшілігі оны түсінуге көмектесу үшін әртүрлі теориялар жасайды деп айта аламыз. Алайда, әлемнің көптеген аспектілері оңай түсіндірілмегендіктен, адамдардың көпшілігі белгілі бір уақытта өз күш-жігерін тоқтатып, қол жеткізген деңгейіне қанағаттануы мүмкін.

 

БІЛІМ – ҒЫЛЫМ - ТАНЫМ.

 

Жаңа уақыттың философиясы ғылыммен тығыз байланыста болғанын ерекше атап өтуге болады. Оның басты міндеті актуализация, яғни танымының тәжірбиесі, ортақ әдіснама танымының және әлемнің ғылыми сипатының қисыны болып табылады. Табиғи ғылымдағы жетістіктері, танымға бағдарлауы, практикалық тәжірбиеге сүйенетін және ақылдың тәжірбиесіне – бұның бәрі механикалық әлем сипатының және метафизикалық таным әдісіне байланысты болады. Философияда басты принцип «субъект-объект» қатынас болып табылады, зерттеу объектісі (әлем) ғана емес сонымен қатар (адам) субъектісі қарастырылады. Адамның танымдық іс-әрекеті мен эпистемалық қауымдастықтардың нәтижесі - Білім. Білім - бұл сананың шығармашылық, динамикалық өлшемі, қанша уақыт болса да сана білім түрінде болады. Білім - кез-келген нәрсенің объективті идеалды формасы, қызмет пен қарым-қатынас, адам өмірінің көкжиегін кеңейтудің алғышарты. Білім дегеніміз - адамның өз тәжірибесі. Қазіргі философияда білімді анықтауға жүйелі көзқарас басым. Генетикалық тәсіл аясында таным объективті шындықты көрсету нысаны ретінде әрекет етсе, функционалды тәсіл танымды рухани іс-әрекеттің бір түрі ретінде қарастырады.

Білім - бұл ең алдымен ақпарат, алайда ол әртүрлі сипатқа ие, сондықтан да әртүрлі жүзеге асырылады. Атап айтсақ, іріктеу; реттілік (рецептуралық немесе ғылыми), жанама, яғни қызмет нормалары мен әдістері, әлеуметтік маңыздылығы, танылуы және тиісті түрде ресімделуі. Адамдар әртүрлі ақпарараттарды қабылдайды, ойлайды және шешім шығарады, нәтижесінде мұндай ақыл-ой әрекеті әлемге ықпал ететін мінез-құлықты дамытады. Ақыл - ой проблемасына тоқталған ғалымдардың бірі - Декарт «адамның психикалық өмірі физикалық заңға бағынбайтын материалдық емес болмыстың болуына байланысты» деген тұжырым жасады. Алайда бұл тұжырым классикалық сипатқа ие емес. Себебі қазір көптеген адамдар ерекше материалдық емес компонентті қажет ететін нәрсе бола алмайды деп санайды. Демек, когнитивтік ғылым күшіне енеді. Когнитивтік ғалымдар психологиялық құбылыстардың механикалық түсіндірмелерін нақтылауға тырысқандықтан, ол қабылдау, ойлау және есте сақтау сияқты ақыл-ой қабілеттерін қарапайым физикалық жүйелердің жұмысының нәтижесі болуы мүмкін деген мәселелерді шешуге эмпирикалық негізделген көзқарастың перспективасын ұсынады. Сонымен, когнитивтік ғылым шеңберіндегі зерттеу бағдарламаларының жетістіктері мен сәтсіздіктерін сараптау немесе бағалау үшін ақпарат ретінде қарастыруға болады. Айта кетсек, қазіргі таңда танымдық ғылымдарда ақыл-ойдың іргелі табиғаты туралы әртүрлі болжамдарды зерттейтін көптеген ғылыми бағдарламалар бар және олар белгілі бір тұрғыда көрсеткіш ретінде сипатталады.

Когнитивтік ғылым - бұл лингвистика, психология, нейробиология, философия, информатика / жасанды интеллект және антропологияға қатысты ақыл мен оның процестерін пәнаралық ғылыми зерттеу. Онда танымның табиғаты, міндеттері мен функциялары кеңінен қарастырылады. Когнитивті ғалымдар жүйке жүйесінің ақпаратты қалай бейнелейтініне, өңдейтініне және түрлендіретініне ерекше назар аудара отырып, интеллект пен мінез-құлықты зерттейді. Когнитивті ғалымдарды қызықтыратын ақыл-ой қабілеттеріне тіл, қабылдау, есте сақтау, зейін, ойлау және эмоциялар жатады. Бұл қабілеттерді түсіну үшін когнитивті ғалымдар лингвистика, психология, жасанды интеллект, философия, неврология және антропология сияқты салалардан білім алады. Когнитивтік ғылымның типтік талдауы оқыту мен шешім қабылдаудан бастап логика мен жоспарлауға дейінгі көптеген ұйымдастырушылық деңгейлерді қамтиды. Когнитивтік ғылымның философиясы білімді ғылыми зерттеуге қатысты барлық философиялық тақырыптарды қарастырады. Оның субтопиктерін төрт негізгі бағытқа бөлуге болады: Біріншіден, таным пәндеріне: психология, неврология, жасанды интеллект, лингвистика және т.б.; Екіншіден, ғылым философиясындағы тақырыптар бойынша: түсіндіру, азайту, түрлендіру және т.б. Үшіншіден, танымды зерттеу бойынша: ақыл-ой, есептеу, іске асыру, сана және т. б. Төртіншіден, танымның талқыланатын саласы бойынша: қабылдау, моторлық бақылау, тіл, ойлау, сана және т.б. Көптің қызығушылығын тудырып отырған жасанды интеллектті адам манипуляторларына тәуелсіз идеализациялау үрдісі адамдар мен цифрлық машиналардың онтологиялық тұрғыда шатасуына алып келеді. Осы тұста философ-жазушы Луис де Меранданың «Креалектикалық интеллект» ұғымын айта кетуге болады. Креалектикалық интеллект тірі және рухани процестердің көп өлшемділігі мен көп бағытын біріктіреді және тоғыстырады. Барух Спинозаның «білімнің үшінші Түрі» деп атаған ойына сәйкес келеді. Себебі креалектикалық интеллект шындықты идеалдың немесе шындықтың бейнесінде жасайды, шынайы ғана емес, сонымен бірге шығармашылықты жоғары немесе "шығармашылық"қарым-қатынаста мүмкіндік сезімін оятады.

Таным мәселесін зерттеуде қазақстандық философтар да бірқатар нәтижелерге қол жеткізді, халықаралық мойындауға ие болып, логика және ғылыми методология бағытында мектептер қалыптастырды. Олардың қатарында Ж.М.Абдильдин, А.Н.Нысанбаев, А.Х. Касымжанов, К.Х.Рахматуллин, М.З. Зотов, М.Ш. Хасанов, А.А. Хамидов, А.Г. Косиченко, М.С.Сәбит, М.С.Орынбеков, Г.Г.Соловьева,  М.И.Баканидзе сынды біртуар ғалымдар бар. Таным процесінің диалектикасын қазақстандық философтар ойлау мен болмыстың, субъекті мен объектінің, практикалық пен теориялықтың және т.б. өзара күрделі қатынасы ретінде қарастырды. Бұл жағдайда тұтас танымдық процесс абстрактылықтан нақтылыққа қарай өрлеу ұстанымына, яғни тұлғасыз және дараланған теориялық түсініктерден танылатын заттың әр алуан ішкі, негізгі бірлігіне өту ұстанымына бағынышты болады. Диалектика, логика мен таным теориясы үйлесімділігінің бірлесу ұстанымы осы аталған салалардағы зерттеулердің негізін қалаушы болып табылады. Диалектика логика ретінде танымның нақты процесі тәрізді, соны ақиқатшыл және нәтижелі таным теориясының негізі болып саналады. Тани білу – заттарға, нәрселерге ат, белгі, таңбалар беріп қана қою емес. Тани білу – көзге көрінбейтін қозғалыс күштерін және қоршаған шындық пен адамның ішкі жан-дүниесінің даму заңдарын ашу деген сөз. Ал шындық соншалықты әр бағытты күштерге, векторларға, әртүрлі деңгейлер мен тараптарға толы, белгілі бір серпінге, өзіндік қозғалуға және т.б. қабілетті болғандықтан, тек бір ғана қарапайым логика арқылы шындықты барынша танып-білу мүмкін емес. Мұнда осы қозғалыс пен даму барысындағы қозғалысты, даму мен жалпы байланысты білдіретін диалектикалық логиканы жан-жақты іске тартқан жөн. Мұнымен қатар, қазақстандық философия мектебінің өкілдері танымды бейне деп түсінетін көзқарастар болғанның өзінде, таным бейнелі, яғни енжар қызметпен ғана шектеліп қалмайды деген табанды көзқарастарында нық тұрғандықтарын ерекше атап өту қажет.

Танымның нақты процесінде танушы субъектінің – философтың, ғалымның, теория жасаушы мен тәжірибе жасаушының белсенділігі орасан рөл атқарады. Қазіргі кездегі ғылымда танымның белсенділігі шындық бейнеленіп қана емес, қалыптасып, жасалып жатқан дәрежеге дейін жетуге қабілетті. Бұл адами танымның шығармашыл сипатының, нәтижелі қиялының және әлемді практикалық қайта өзгертуге бағытталуының нәтижесінде жүзеге асырылады. Адам дүниені тек байқаған кезде емес, белгілі бір зат оның заттық әрекетіне қосылған кезде танып-біледі. Субъектінің, тәжірибе жасаушының белсенділігі заттың, нәрсенің теориялық анықтамасында қамтылуы тиіс. Абай ақиқатты тануды білім деп санайды. Ақиқаттың жоғарғы сатысы – ол болмыс, дүниені тану маңыздылығының құпиясы деп танылады. Адамның өміріндегі білімнің рөлі өте жоғары, адамды адаммен теңестіретін білім, ақыл мен таным өмірді толық мәнді ететін адам бойындағы жоғарғы қасиет. Мағжанның көзқарасы бойынша, адамның әдемі пішіндерді, табиғаттың сұлулығын көру қабілеті, терең ойлау мен қиялдың ұшқырлығы күрделі таным процесі арқылы жүреді. Ақын жалпы «таным» деген ұғымды әртүрлі әдемі түстерден рақат алу, табиғат құбылыстарының жаратылысы, ондағы дыбыстардың сан алуандылығынан ерекше әсер алу деп түсінеді. Сұлулықты сезіну адамның өмірге деген қызығушылығын, даналыққа құштарлығын, қабілетін арттырады. Ол эстетикалық талғамы бар адамның барлық уақытта жамандықтан жиреніп, ізгіліктің, жақсылықтың қажеттілігін сезіне білетін-дігін баса айтады: «Сұлулық сезімдері адамның дұрыс, сұлу, ләззат іздеуіне, сұлу нәрсені сүюіне, көріксіз нәрседен жиренуіне, жақсылыққа ұмтылып, жауыздықтан тиылуына көп көмек көрсетеді».

Бүгінгі таңда «сезімдіктің жетіспеушілігі», яғни адамның жоғары, рухани сезімінің жұтаңдауы, оның нәтижесінде адамгершілік сезімінің жұтаңдауы байқалуда. Сондықтан, академик Ж.М. Әбділдиннің айтуынша, «сезімталдық теориясы» қажет, философтар ары қарай дамыту мақсатында «жан дүниені тереңірек зерделеулері» керек. Бұл өзекті мәселе қазіргі кезде адамзаттың ауқымды-дағдарыстық жай-күйі тұрғысында аса маңызды болып отыр, бұл дағдарыстан шығудың бірден-бір жолы - адамгершілік пен өнегелілік. Ойлау зерделеуге қатысты, ол адамгершілікке апаратын саты ғана, сондықтан ол өзіндік мақсатқа айналмауы тиіс. И.Кант үшін «Таза зерденің сыны» практикалық зерде мен пайымдау қабілетін талдауға апаратын саты болғаны тәрізді, қазіргі философтар үшін диалектика, логика, таным теориясы бойынша зерттеулер бұдан былай этика және эстетика мәселелерін зерттеудің басы және шарты ретінде қарастырылуы тиіс. Академик Қазақстандағы кәсіби философияның қалыптасуы мен дамуы Ақиқат, Жақсылық және Сұлулық сынды бір-бірінен ажырамастай, үйлескен бірлікте болуы үшін қазіргі жаңаша «үш сыншыны жасауға» шақырады.

Таным мен шығармашылық ғылыми тұрғыда толыққанды зерттелінген және дәлелденген деп айта алмаймыз. Біз балаларды шығармашылық қиялы үшін мадақтаймыз, жұмыс орнында шығармашылығымыздың потенциалын ашуға тырысамыз және өнер мен ғылым саласындағы шығармашылықты данышпандарға таңданамыз. Кез-келген шығармашылық өнім жаңа және пайдалы болуы керек.  Шығармашылықты ойлауға білім, есте сақтау, жіктеу, пайымдау және санаттау сияқты бірнеше қарапайым танымдық әрекеттер қажет. Бірнеше жылдар бойы шығармашылықты зерттеушілер креативтілік жалпы дағдыларға немесе пәндік саладан тыс белгілерге негізделген деп тұжырымдады. Көптеген дәлелдер шығармашылық қызметтің нақты пәндік салаға байланысты екенін көрсетеді. Осы уақытқа дейін жаттықтырушылар шығармашылық белгілі бір пән саласына байланысты деп болжады. Бұл шығармашылықтың табиғаты туралы идеялардың өзгеруіне және шығармашылықтың ортақтығы туралы дәлелдер мен болжамдарды қайта қарауға әкелді. Аталмыш мәселені шешу үшін қосымша зерттеулер қажет. Осымен таным және шығармашылық тақырыбына арналған дәрісіміз тәмәм. Алтыншы лекция танымның негізгі субъектісі білім мен ғылымға арналады.