Дәріс 6. ҒЫЛЫМ МЕН ФИЛОСОФИЯ БАЙЛАНЫСЫ

«Білім, ғылым, техника және технологиялар» атты кезекті дәріс. Осы 6-шы дәрісті игерген студент оның алдыңғы дәрістермен әсіресе, 5-ші дәріспен байланыстылығын әрі логикалық жалғасы екенін жақсы ұғына алады. Дәріс мақсаты: студентке Ілім, білім және ғылым сатыларының айырмашылықтарымен олардың қызметтік функцияларын ажыра алу мүмкіндігін туғызу. Ғылым жіктемесімен айналысқан ғалымдардың тұжырымдамаларымен танысып, оны бағалаудағы қайшылықтар мәнін түсіндіру. Студент өзін-өзі осы қайшылықтар арқылы өмірлік мысалдармен тексере алады. Білімді адам моделі талаптарымен таныса келе қазіргі Қазақстандағы ғылымның жәй-күйімен, оның келешегі мен атқарылып жатқан қызметтердің бағыттары және олардың нәтижелерімен таныса алады.

Ғылым мен философия арасындағы байланыс мыңдаған жылдарды құрайды. Қазіргі жағдайда ол сақталып қана қоймай, өз өзектілігін жойған жоқ. Әрқашан ғылыми жұмыстың ауқымы мен зерттеудің әлеуметтік маңызы зор. Мысалы, философия мен физика бастапқыда бір-бірімен тығыз байланысты болды, әсіресе Галилео, Декарт, Кеплер, Ньютон, Ломоносов, Менделеев және Эйнштейннің, тіпті жалпы дүниетанымы кең барлық ғалымдардың еңбектерінде орын алды. Бір кездері философия ғылым туралы ғылым, барлығының жоғарғы билеушісі деп қабылданған. Бүгінгі күні физика ғылымы осы атаққа ие деушілер көп. Екі көзқараста да шындықтың белгілі бір өлшемі бар. Физика өзінің зерттеу нысандарымен, бақылау мен эксперименттің нақты әдістерінің үлкен жиынтығымен білімнің барлық салаларына ықпал ете алады. Философия бұл ғылымның өзін-өзі тануы және барлық ғылымдар өздерінің дүниетанымдық және әдіснамалық принциптерін шығаратын қайнар көзі болып табылады, олар ғасырлар бойы лаконикалық формаларға ие. Жалпы, философия мен ғылым - бұл жалпылама шындыққа жету үшін оны іздеуде шығармашылық ойға көмектесетін тең серіктестер. Философия арнайы ғылымдарды алмастырмайды және оларға бұйрық бермейді, бірақ оларды теориялық ойлаудың жалпы принциптерімен, таным мен дүниетаным әдісімен жабдықтайды. Бұл тұрғыда ғылыми философия ғылым жүйесінде маңызды орындардың бірін алады.

Ғылым, техника және технология әлеуметтік өмірдің өте күрделі құбылыстары және олар адам өмірінің терең негіздерімен байланысты. Бүгінгі таңда қоғамның ілгерілеуі техника, ғылым және технология дамуының ішкі бірлігін көрсетеді. Оның тұрақты көрінісі Еуропада XVII ғасыр, яғни «жаңа кезең» атты дәуірден басталады. Зерттеушілер ғылым мен техниканың дамуындағы бірқатар кезеңдерді ажыратады.

Бірінші кезең (шамамен 1660-1750 жж.) - ғылым мен техниканың, яғни ғылым академиялары мен инженерлік қызметтің пайда болуы, әлемнің механикалық бейнесінің бекуі.

Екінші кезең - ХVIII ғ. аяғы-ХІХ ғ. басы - өнеркәсіптік революцияның басталуы. Технологияның қарқынды дамуы.

Үшінші кезең – ХХ ғасыр. Ғылым мен техниканың байланысы жүйелі және арнайы жоспарланды. Нәтижесінде, техника философиясы, ғылымтану, техникалық ғылымдар кешені, жаратылыстану және технология тарихы, ғылым мен техниканың әлеуметтануы, инженерлік психология және т.б. салалар пайда болды.

К. Ясперстің жіктеуі бойынша ХХ ғасырдың екінші жартысында ғылым мен техниканы бағалауда үш ұстаным қалыптасты: оптимистік, пессимистік және бейтарап.

XXI ғасыр әлемде Төртінші өнеркәсіптік революциямен ерекше. Онда технологиялар адаммен, оның ақылымен бәсекеге түседі. Техника, техникалық құралдар адам қызметінің әртүрлі салаларында кеңінен енгізілуде. Атап айтсақ, экономикалық (роботтандыру, өндірісті компьютерлендіру және автоматтандыру, биткоиндер, сандық қызмет көрсету саласы), материалдық (гаджеттер, компьютер), рухани (құндылықтар, этикалық нормалар), коммуникативті (тіл, белгілер, қарым-қатынастың әртүрлі формалары), психикалық (сәйкестілік, таным тәсілдері), әлеуметтік (жаңа нормалар, мінез-құлық стереотиптері және т. б. мұның бәрі күнделікті әлемдік тәртіпті тез өзгертті. Техногендік қоғам ұғымы Бауман, У.Бек, Йонас Қ., Дж.Бенингер, Г.Бехманн, Дж. П. Кантен, х Д. Кортес, Л. Мэмфорд, Н.Луман, Х. Ортега-и-Гассет, Дж. Нейсбит, Т., А. де Токвиль, Т.Фридман, Э.Тоффлер, Ю.Хабермас, М.Хайдеггер, Ж.Эллюль, К.Ясперс, Н.А.Бердяев, П.Я.Энгельмейер және т. б. Ғалымдар есімімен белгілі. "Техногендік қоғам" ұғымын түсіндіре отырып, біз қоғамды, табиғи ортаны және әлеуметтік-техникалық, табиғи-техникалық, техникалық-технологиялық біріктірілген Техносфера, индустриялық және постиндустриалдық сатыдағы экономикалық, ғылыми, мәдени байланыстармен тарихи даму деп түсінеміз. Техногендік өркениет - бұл үнемі өзгеріп отыратын және қоғамда белсенді қолдау табатын жаңа үлгілердің, идеялардың, тұжырымдамалардың құндылықтары.

 

ҒЫЛЫМДАҒЫ ӘДІСТЕМЕЛІК БІЛІМ

 

Қазіргі ғылымда әдістемелік білім ретінде көп деңгейлі тұжырымдамалар қолданылады. Философиялық әдістер ішінде ең көнелері диалектикалық және метафизикалық әдістер. Оған қоса, аналитикалық, интуитивті, феноменологиялық, герменевтикалық әдістерді атауға болады. Жалпы ғылыми әдіс-тәсілдердің құрылымын үш деңгейде қарастыруға болады: - эмпирикалық зерттеу әдістері; - теориялық таным әдістері; – жалпы логикалық зерттеу әдістері. Зерттеудің іргелі және қолданбалы түрлері бар. Бақылау - бұл шындық объектілерін қабылдаудың мақсатты процесі, маңызды нәтижелерге қол жеткізу үшін бірнеше рет бақылау қажет. Оны тікелей және жанама бақылау, өлшеу тәсілдері арқылы жүзеге асыруға болады. Теориялық білім әдісі ішкі байланыстар мен заңдылықтардың құбылыстары мен болып жатқан процестерін бейнелеуден тұрады, эмпирикалық білімдерден алынған мәліметтерді өңдеу әдістері арқылы қол жеткізіледі. Ғылыми танымның теориялық деңгейінде ғылыми әдістердің теория, гипотеза, идеализация, формализация, рефлексия, индукция, дедукция, абстракция, жіктеу, яғни классификация т.б. түрлері кездеседі. Эмпирикалық және теориялық деңгейде қолданылатын әдістерге анализ, синтез, ұқсастық, үлгілеуді жатқызуға болады. Американдық физик, ғылымды мемлекеттік саясатқа енгізудегі алғашқы ізашары, Ұлттық ғылым саясатын қалыптастырған, Гарвард университетінің инженерлік және қолданбалы ғылымдар бөлімінің деканы болған ХАРВИ БРУКС «Ғылым, технология және инновация - бұл бір-біріне тәуелді, бірақ әр түрлі болатын дәйекті түрде кеңейтілген қызмет санаты. Ғылым технологияға кем дегенде алты жолмен ықпал етеді деп тұжырымдады.

Білімді адамның көптеген тұжырымдамаларын философтар және білім беру саласындағы ойшылдар ұсынды. Солардың бінешеуіне тоқталсақ: Джон Дьюи - білім беруді тиісті түрде назар аударатын кәсіпорын ретінде қарастырады, сыни және рефлексивті ойлауды оның ең жоғарғы функциясы ретінде дамыту қажеттілігін айтты. Альфред Уайтхед мектептегі оқуды сыни етуге тырысты, «инертті білім»  терминін ғылыми айналымға ендірді. Пауло Фрейре  білім беруді әлеуметтік өзгерістердің құралы ретінде қарастырады. Сұрақ қою педагогикасын әлеуметтік өзгеріс әдісі ретінде алға тартты.  Ричард Питерс білім дұрыс бағытқа бағытталуы керек деп есептеді. Ол өзінің «Этика және білім» атты еңбегімен танымал. Оның негізгі құралы терминдік талдау. Питерс білім философиясының нормативті және когнитивті екі маңызды аспектісін зерттеді. Бір қызығы Петерс пікірінше білімді адам "ақылдың өтініші бойынша өмір сүретін тіршілік иесі".  Бертран Рассел білім беруді саяси институт ретіде қарастырады. Біз балаларды белгілі бір тұжырымдарды қабылдау арқылы өз бетінше ойлауға итермелеудің орнына оларды мәжбүрлейтін білім беру жүйесіне иеміз деп наразылық білдірді. Білімді адам моделінің нұсқасын қалыптастырушы ретінде қазақтың жазба тілінде әліппесі мен тұңғыш халық грамматикасын ендірген педагог Ыбырай Алтынсаринды атаймыз. Халық поэзиясы мен халықтың сауат ашуына арналған алғашқы жинақты құрастыруды көздеген Ыбырай қазақ даласына оқу мен білімді ғана емес,  ғылым жолына жұмсалған қайраткерліктің де нағыз жанды үлгісі болды. Хакім Абай ойшыл, кемеңгер ретінде қазақтың философиялық ойлау болмысына ерекше тыныс берсе, Шоқан Уәлиханов ғалым ретінде іргелі зерттеулер жүргізді. 

 

БІЛІМ БЕРУ ФИЛОСОФИЯСЫ. ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫ.

 

Білім беру философиясы білім беру процесінде барлық құбылыстардың мәні мен табиғатын қарастырады. Қазіргі білім беру жүйесінің өзі белгілі бір философиялық және педагогикалық идеялардың әсерінен дамыды. Білім беру философиясының мәртебесін педагогикалық теория мен практикаға байланысын анықтауда әлі де қиындықтар бар. Әр түрлі философиялық бағыттардың өкілдері білім беру философиясының мазмұны мен міндеттерін әртүрлі түсіндіреді. Тұлғаның және барлық адамзат қауымдастығының рухани дүниесінің, адамгершілік құндылықтарының  қалыптасуына тікелей байланысы бар біршама технологиялық сфераларды бір арнаға түсіруге тура келеді, дегенмен білім беру сферасы өзінің басты интегративтік қызметін, яғни рухани біртұтастық пен адамдардың бір бірін түсінудегі қабілеттерін әлі күнге дейін арттыра алмауда. Ол өзінің болашақтағы біршама манызды дүниелерді болжаудағы, мәдени білімділікті және діни ұқсастықты ұсынудағы міндетін атқаралмайынша өткір мәселелер өз шешімін таппай оның әртүрлі сфераларында сол күйінде қала бермек.

Философия өзінің пайда болуының басынан бастап бүгінгі күнге дейін білім беру жүйесінің бар екенін түсініп қана қоймай, сонымен бірге білім берудің жаңа құндылықтары мен шектеулерін қалыптастыруға тырысты. Философиялық ой тарихындағы бүкіл кезеңді «ағартушылық кезең» деп атауға болады. Білім беру философиясын ерекше зерттеу бағыты ретінде бөлу тек 20 ғасырдың 40-жылдарында басталды: Колумбия университетінде арнайы қоғам құрылды, оның мақсаты - білім берудің философиялық мәселелерін зерттеу, философтар мен педагогика теоретиктері арасында ынтымақтастық орнату, колледждер мен университеттерде білім беру философиясы бойынша оқу курстарын дайындау, осы мамандық бойынша кадрлар, білім беру бағдарламаларының философиялық сараптамасы және т.б. қарастыру. Білім беру сферасының болашақтағы алар орны мен атқарар қызметінің шексіз екендігі зандылық. Нақтырақ айтар болсақ болашақтағы әрбір адамның тұлғалық қасиетінің анықталуы, оның білімділігі, тапқырлығы, ақылдылығы, дүниеге деген көзқарасы мен адамгершілігі осы тиімді білім берудің негізінде сомдалады, демек қоғамның эконмикалық, руханилық потенциалы, жалпы тұтас өркениет осыған келіп тіреледі. Бүгінгі ХХ ғасырдағы туындап отырған ғаламдық тенденцияларды анализдеу өзекті және манызды мәселеге айналып, олардың болашақтағы адамзат өркениетінен келіп туындайтын алапат жағдайларына қарсы тұруға шақырады. Бұл жан айқай білім беру сферасынан тікелей орын алып, қоғамда, әлеуметтік ортада білім беру сферасын нақтылап, оның болашақтағы атқару қызметін айқындай түседі.

Адамзат тарихындағы алғашқы адамның пайда болуы қаншалықты ғылыми, діни пікірлерді тудырып, көптүрлі нұсқаларға ие болса, адаммен бірге пайда болған тәрбиенің де шығу тегі талас тудырады. Алғашқы адамдардың ру, тайпа құрып бірігіп тіршілік етуге ынталануы, оған қолайлы белгілі бір территорияны мекендеуі, қажеттіліктерді өтеуі сынды табиғи тұрғыда орындалған бірқатар әрекеттер тәрбие практикасының алғышарттары ретінде орын алды. Уақыт өте адам өміріндегі тәртіп, реттілік маңызды рөлге ие болды да, бұл маңыздылық тәрбие идеяларының туындауына ықпал етті. Грециядағы ғалымдар көшіндегі ерекше орынға ие Демокрит те дамудың басты қозғаушы күші ретінде қажеттілікті атап, әрбір адам өз қажеттілігін барынша тез қанағаттандырғысы келеді. Осы үрдіс оны даму мен жетілуге алып келеді дей отырып, балалар тәрбиесіне жіті назар аударады. Демокрит пікірінше, жақсы адам болу табиғат ықпалынан гөрі тәрбиеге көбірек тәуелді. Демокрит адамның қалыптасуы оның табиғатына және тәрбиесіне байланысты деп ой қорыта отырып, егер де оқымаса, ешкім өнерді де, даналықты да меңгермеген болар еді деп білімнің адамды құлшындырар басты тетік екендігіне баса назар аударады. Бұл пікірді халық педагогикасы да құптайды. Осы құптаған іске тағы бір қосымша ретінде ата-ананың бала тәрбиесіндегі орны мен рөлін атап өтуге болады. Халық педагогикасында «Әке балаға сыншы», «Әке сөзі оқ», «Әке көрген оқ жонар» деп отбасындағы әкенің, ер адамның рөлін биіктетеді. Демокриттің «Әкенің жағымды ойы балаларға ең жақсы өсиет» деген сөзі аталмыш қазақ мақалдарымен астасып жатыр.

Қазақ ғылымының сан ғасырлық тарихы бар. Оған қазақ даласындағы архитектуралық жетістіктер мен құрал-сайман, музыкалық аспаптар, қолөнер мен тұрмыстық заттар дәлел бола алады. ХХ ғасырда Қазақстан ғылымының дамуы академик Қаныш Сәтбаевтың есімімен тығыз байланысты. Оны «Қазақ ғылымының атасы» деп те атайды. Себебі ол Жезқазған және Қарсақбай ауданындағы пайдалы қазбалар кен орындары геологиясын зерттеген қазақтан шыққан тұңғыш геолог. Ол геологиялық барлау жұмыстарын жүргізді, оның жетекшілігімен бұрғылау мастерлері, сызба сызушылар, прорабтар және т.б. кадрлар қалыптасты, Жезқазған мыс кен орнының қоры бұрынғыдан әлдеқайда көп екенін дәлелдеді. Осы жаңалық үшін оған 1940 жылы КСРО жоғары мемлекеттік наградасы – Ленин ордені берілді. Кейінірек оған тағы төрт орден табыс етілді. Оған қоса студент кезінде ақ «Алгебра» оқулығын жазды. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын қабылдады. Аталған бес жылдықта бағдарламаны іске асыру үшін 11,5 млрд теңге қаржы бөлу көзделді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласына негізделген  «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынды. Аталған жоба аясында бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік деген университет оқулықтары түрлі тілдерден қазақ тіліне аударылды. «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қордың ұйымдастыруымен 2017-2018 жылдары 47, 2019-2020 жылдары 53 оқулық қазақ тіліне аударылып жоғары білім беру жүйесіне  енгізілді. Іріктелген оқу құралдарын қазақ тіліне аударуға Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындарының оқытушылары, білікті аудармашылар мен редакторлар, жалпы саны 300-ге жуық маман қатысты. Кең көлемді аударма жұмысы қазақ тілін халықаралық ғылыми лексикамен байыта түсуге, ғылыми терминологияны дамытуға, академиялық жазу стилін жетілдіруге, қазіргі ғылыми зерттеу және баяндау әдістерін игеруге зор мүмкіндік береді. Философия бағыты бойынша Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы», Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін», Энтони Джон Патрик Кеннидің  «Батыс философиясының жаңа тарихы. 1-том. «Антика философиясы». 2-том. «Орта ғасыр философиясы», 3-том. «Қазіргі заман философиясының бастауы», 4-том. «Қазіргі заман философиясы», Фың Юләннің «Қытай философиясының қысқаша тарихы», Джон МакГиннес, Дэвид С. Райсманның «Классикалық араб философиясы: антология», Томас П. Касулистің «Жапон философиясының қысқаша тарихы», Пурушоттама Билиморианың «Үнді философиясының тарихы», Бертран Расселдің  «Батыс философиясының тарихы» кітаптары жарық көрді. Осымен «Білім, ғылым, техника және технологиялар» атты 6-шы дәрісіміз тәмәм. Келесі 7- ші дәріс  «Адам философиясы және  құндылықтар әлеміне» арналады.