Дәріс 7. ФИЛОСОФИЯДАҒЫ АДАМ МӘСЕЛЕСІН ЗЕРТТЕУ

Назарларыңызға ұсынып отырған философия пәнінің 7-ші дәрісі өзін-өзі зерттеуден жалықпаған, жаратылыстың биік дәрежелі туындысы адам мен оның адамшылығын дәріптейтін құндылықтарға арналған. Бұл дәріс студент үшін қызықты болмауы мүмкін емес, себебі адам өз өзіне әрі объект, әрі субъект. Студент адам проблемасының терең тамырын түсіну үшін философия тарихына шолу жасайды, ондағы адам проблемасының ғылымилығы мен көптүрлілігіне жүгіне отырып, тақырып ауқымы мен күрделілігін ұғына алады. Ұлттық сананы құраушы ұлылардың тұжырымдарымен танысады. Бұл студенттің барлық білгендерін, естіп түйгендерін өзінің ұлттық сүзгісінен өткізіп, екешеп алуына көмектеседі.  

Философиямен айналысу расында да аса қызықты іс, себебі оның басты миссиясы – әрекет, яғни, жақсылыққа, ізгілікке, даналыққа, махаббатқа ұмтылу, сүю, құштар болу, ықылас-ынта таныту ол әрекетті құрайды. Философияны зерттеу басқа пәндерді игеру мен меңгеру сияқты емес. Онда қасаңданған формулалар немесе ережелер жоқ, сондықтанда жаттап алудың, не есте сақтаудың еш қажеттілігі жоқ. Далалық немесе лабараториялық жұмыстар, арнайы құралдар мен техникалық жабдықтар да қажет емес. Ең бастысы ізденгіш ақыл, тынымсыз ойлау болса болғаны. Философияға ие болу, философиялық ойлау, жалпы философ болу дегеніміз - адамға деген дұрыс көзқарасқа, түсіністікке ие болу деген сөз. Адам бұл жаратылыстың тәжі, оның табиғатын зерттеу ол адамзат ұсына алатын ең терең зерттеу. Философиядағы адам мәселесін зерттеу адамды түсінуді жеңілдетіледі. Адам мәселесі, оның ішіде шығу тегі, мәні, табиғаттағы орны және қоғамдық өмірдегі рөлі мәселелері фундаменталдық философиялық тақырыптардың бірі. Философия пайда болғанынан қазіргі уақытқа дейін адам оның басты назарында болды. Рух пен сананы – алғашқы, материя мен табиғат бұлардың сыртында өмір сүре алмайды, сондықтан да олар соңғы деп қарайтын идеалистер үшін де, материяны, табиғатты – алғашқы, сананы олардың туындысы, бейнесі болғандықтан соңғы деп қарастыратын материалистер үшін де адам мәселесінсіз философия жоқ. Ежелгі санскритте "адам" сөзі "ойлау, өлшеу, бағалау, санау, бағамдау" деген мағыналарды білдірген. Осы тұста неміс философы Фридрих Ницшенің «Адам - өзін өлшейтін адам» деп атағаны еріксіз еске түседі. Ницше адамды басқа жануарлардан ерекшелендіретін нәрсе — бұл уәде беру және оларды орындау қабілеті деген болатын. Басқаша айтқанда, адамда жаттыққан және тиімді жады бар және ол бүгінгі ықпалдармен ертеңгі болашақты жобалайды. Күн сайын адамның санасына ықпал ететін миллиондаған әсерлердің ішінен адам тек таңдалғанын ұмытпай есте сақтай алады. Жануар бұл қабілеттен мүлдем айырылған. Демек, "идея сақталу үшін оны жадыға әбден бекіту керек, тек ешқашан жанға жара салмайтын нәрсе ғана тұрақты болып қала алады"

Әлемнің ең үлкен құпияларының бірі - өмірдің болуы және пайда болу себебі. Бұл мәселе туралы жаратылыстану ғылымдарының өз дәлелдемелері мен келтірер айғақтары, балама болжамдары бар. Атап айтсақ, 17-18 ғасырларда микроскоптан жәндіктер, личинкалар және басқа микроорганизмдер өлі заттардан өздігінен пайда болғанын байқады және өздігінен пайда болу туралы гипотезаны жасады. 19 ғасырда панспермия гипотезасы жер бетінде тіршілік ету, астероидтар мен метеороидтар тарататын микробтық тіршілік мәселесін шешуге мүмкіндік берді. 20 ғасырда биохимиктер, молекулалық биологтар және микробиологтар "өмірді" молекулалық деңгейде зерттеу мен түсінудің жаңа құралдарын алды, мысалы, ДНК және РНК сияқты макромолекулалардың рөлін зерттеу, өмірдің құрылыс блоктары, сонымен қатар жаңа тәжірибелер жүргізді. Оған мысал, Нобель сыйлығының лауреаты Гарольд Юри мен оның аспиранты Стенли Миллер жасаған әлемге әйгілі экстремофилдер, яғни төтенше жағдайларда өмір сүріп, өркендей алатын өмір туралы эксперименті.

Осы зерттеулердің барлығы палеонтология, геология немесе микропалеонтологиядан көптеген материалдар алды, олар өмірдің пайда болуы туралы мәселені тарихи және экологиялық жағдайлар тұрғысынан қалыптастыруға ықпал етті. Бірақ өмірдің пайда болуы туралы мәселе тек ғылыми сұрақ емес, сонымен қатар экзистенциалды сұрақ. Адамдар көбіне өмірдің пайда болуы, өзіміздің туылуымыз, өмір сүруіміз туралы деп ойлады. Олай ойлауымызға бір басты себеп – мифология. Себебі күні бүгінге дейін дәлелденбеген немесе дәлелденбейтін шындық болса, онда ол үнемі мифтік мәнге ие. Академик Ғарифолла Есім: Адам-зат тарихының басталуы - шындық, оның нақтылығы болғандығында. Адам-зат тарихының басталуы тек қана мифтік немесе діни қағида емес - шындық. Оның дәлелі Адам Атаның жаратылуы. Адам Ата жаратылғанға дейін Адам туралы тарих болған ба? сірә, біз екі тарихтың болғанын мойындауымыз керек шығар: адам тарихы және адам-зат тарихы. Соңғысы Адам Ата АДАМ-ЗАТ жаратылғанынан басталады, яғни тән мен жанның бірлігі. Адам тарихына келсек, Адам Ата жаратылғанға дейін адамның тәні туралы сөз жоқ, ол тек рух ретіндегі мүмкіндік болған. Адамның жаны, рухы болғанымен, тәні, яғни заттық табиғаты болмаған.

 

ФИЛОСОФИЯ ТАРИХЫНДАҒЫ АДАМ МӘСЕЛЕСІНІҢ ҚАРАСТЫРЫЛУЫ

 

Философия тарихының қайнар бастауларына көз жүгіртер болсақ, Ежелгі Үнді философиясында «Сансара» атты жанның бір денеден екінші денеге көшуі туралы ілімінде адамнан да басқа кез-келген тірі жандар мен құдайлар арасындағы арпалыс туралы айтылған. Үнділерше «сансара», латынша реинкарнация, ал гректерше «метемпсихоз», яғни жандардың орын ауыстыруы, қайта туылуы, жалпы өлімсіз адамды түсіндіру. Оған қоса, адамның бұрынғы істеген күнәләрі үшін тартатын жазасы, яғни кармасынан құтылудың жалғыз жолы – құдайға құлшылық ету деген азапты ұғымнан адамды құтқару қажет болды. Буддизм осы мақсатты орындап адам мәселесін жоғары қойды, «Нирванаға» жетуге кеңес берді. Буддизм субъект пен объектті, рух пен материяны қарама-қайшы қоймайды, онда құдай жаратушы және жоғарғы жан иесі ретінде көрсетілмейді. Қазіргі уақытта әлемде 400 млн. жуық буддистер мен 1 млн. жуық монахтар бар. 1950 жылдан бастап буддистердің дүниежүзілік бауырластығы құрылған. Ежелгі Қытай философиясының негізі Конфуцзының «адамсүйгіштік», яғни (жэнь) мәселесі төңірегінде өрбіді. Адам басқа адамдарды өзіндей жақсы көріп сыйлауы керек, одан шығатын философиялық ой түйінді Конфуцзының «Жақсы адам өзіне талап қояды, жаман адам өзгеге талап қояды», «Ақымақ мені білмейді деп өзгелерге ренжиді, ақылды  өзгелерді білмеймін деп өзіне ренжиді» деген нақыл сөздерімен қорытындылауға болады. Конфуцзы ілімін жалғастырған шәкірттері көп болды, мәселен,  неоконфуцийшілдіктің негізін қалаған, Чжан Цзай, оны Сунь дәуірінде ары қарай жалғаған идеалист, ғалым-энциоклопедист, педагог Чжу Си, философ-неоконфуцийшіл, ғалым, математик, астроном, лингвист, тарихшы, географ Дай Чжень. Осы тұста неоконфуцийшілдік жүйе қытайдағы зиялы қауымның синтезі болып, Жапон, Корей және Ветьнам елдерінің интеллектуалды өміріне үлкен ықпалын тигізгенін айта кету керек.

Философия тарихындағы адам бейнелерінің өзіндік ерекшеліктері бар. Оны сол замандағы танымал тұлғалардың философиялық ой-толғамдарынан байқай аламыз. Пифагор жоғарыда айтылған метемпсихоз немесе "жандардың қоныс аударуы" ұғымын қолдады. Сонымен бірге планеталар математикалық теңдеулерге сәйкес қозғалады және музыканың бізге естілмейтін симфониясын тудырады деп тұжырымдады. Эмпедокл болса бізге түрлердің пайда болуының егжей-тегжейлі ұтымды механизмін құруға деген алғашқы әрекеттерді ұсынады. Адамдардың немесе белгілі бір кейіпкерлердің, қалалардың немесе нәсілдердің негізін қалаушылардың шығу тегі көбінесе ботаникалық ұқсастық, олар бастапқыда автохтонды, яғни жергілікті жерден пайда болды деп есептеді. Аға софист атағымен танымал Протагордың басты тұжырымы «Адам-бұл барлық нәрсенің өлшемі» пайымы. Ол адамның субъективтілігі біздің әлемді қалай түсінетінімізді немесе жасайтынымызды анықтайтынын — қазіргі философиялық дәстүрдің ажырамас бөлігі болып табылатын ұстанымды атап өтті. Сократ адамның жан дүниесін түсінудің ең қарапайым, бірақ ең негізгі әдісі сұхббаттасу, әңгімелесу мен терең пікір алысудан туған және солар арқылы түйінделген философиялық өмір салтын ұсынды. Сократтың пайымдауы бойынша философия – табиғатты ойша талқылау емес, қалай өмір сүру, жақсылықты қалай жасау мен танып білу, қалай жанды өсіру туралы ілім. Оның ғылыми қызығушылықтары адам болмысы мен білім болмысын ашуға және дәлелдеуге бағытталған. Платонның философиясы диалектиканы, табиғатты тереңірек түсінуді білдіретін пікірталас әдісін қолданумен ерекшеленеді. Шындық және танымдық оптимизм, адамның ақыл-ойының шындықты түсінуі және осы шындықты адам істерін ұтымды етіп реттеуі үшін пайдалану қабілетіне деген сенімі. Оның әділетті мемлекет пен өлімсіз және әртүрлі сипаттағы жан туралы ой-тұжырымы назар аударалық. Адам мәселесіне Аристотель де ерекше көңіл аударған. Оның өзін мақтағанды, басқа біреуді жамандағанды қаламайтын қайрымды әрі ізгілікті адам туралы этикасы жоғары бағаланады. Аристотельдің айтуынша, адам – ақылға ие қоғамдық жануар. Ол мемлекет басындағы заң шығарушының міндеті – азаматтарды жақсы қылықтарға, ізгі ниеттілікке үйретіп оларды тек игілікті істерден ғана ләззат алатындай дәрежеге жеткізу. Оның «алтын аралық» деп аталатын моралдық доктринасы адамның жандүниеснің сырын ашуға негізделген.

Христиандық антропология бойынша Құдай адамзатты өзінің бейнесінде, яғни Құдайдың бейнесінде Жаратқан, сол себепті жаратылыс "Құдайдың бейнесінде" анықталады. Әрбір адам ата-аналардың көмегімен жасалады, олар да құдайдың бейнесін өздерінің тууы арқылы бөліседі. Христиандық антропология Құдайдың тынысын өмір беретін киелі рухпен теңестірді және сол арқылы адами қарым-қатынас мүмкіндігін көрседі. Әр адам әкесі мен анасынан, сондай-ақ Құдайдан элементтер алады. Үш көзден алынған бұл элементтер Құдай, Ана және Әке адамды адам ету үшін біріктіріледі. Адамзат белгілі бір элементтерді үш көзден алса да, бұл құдайдың бейнесін бейнелейтін тұтас тұлға, ол әртүрлі элементтер арқылы адамзат Құдаймен, көршілермен және әлеммен қарым-қатынас орнатып, келісім жасай алады деген сөз. Адамның тұтас тұлғасы адамзаттың физикалық және рухани екенін анықтауға мүмкіндік береді. Христиандық антропология және Әулие Аугустин мен Акуинолық Томас сынды оның белді өкілдерінің көмегімен біз адам туралы білім Құдай мен басқа адамдарға және ғаламға таралатын адамдар арасындағы қарым-қатынастан басталып, Құдайдың бейнесі мен ұқсастығында жаратылыстың мағынасын одан әрі түсінуді ұсынатындығын ұғындық. Олар әр адамда Құдайдың "ұшқыны" бар, сол себепті адамның ішінде Құдайдың жасырын қатысуын ашу үшін оны контекстуализация әдісі арқылы жаңарту қажет деп есептеді.

Қайта өрлеу дәуірінің адамға берген анықтамасын Индивидуализм, Зайырлылық, Материализм құндылықтары арқылы өлшеуге болады. Индивидуализмді «өзін-өзі тану, қабылдау және өзіңді өзгелерден ерек екеніңді ерекшелеу» және «өзгелердің де өзгеше екеніне назар аудару және қабылдау» деп ұғына отырып гуманизм мен индивидуализмнің өзара байланысты екенін пайымдауға болады. Салыстырмалы тұрғыдан қарасақ, орта ғасырларда сәйкестілік "корпоративті" болды, яғни адам өзіне тиесілі тобымен анықталды, мысалы монах, діни қызметкер, дворян, көпес, шаруа және т.б., ал Қайта өрлеу дәуірінде жеке ойлау адамды тобыр тұрғысынан алып шығып, идеялар мен туындылардың жасаушысы ретінде  көтермеледі және олардың туындылары жоғары бағаланды. Индивидуализм Ренессанс әдебиетінен де жақсы көрінеді. Замандастар және көрнекті тұлғалардың өмірбаяндары, жеке тұлғаға, ерліктерге баса назар аударатын әңгімелер, көрнекті кейіпкерлердің жетістіктері мен сәтсіздіктерін жазу негізге алынды. Жеке тұлғаға бағытталған, бірақ көпшілік оқуға арналған тақырыптар, біреудің пікірін білдіретін хаттар, тікелей белгілі бір адамға немесе ол туралы мақтау хат жазу, ерекше адамдарға арнау білдіру сәнге айналды. Ол сурет өнеріне ықпал етті, жеке портреттер салынды және суретшілер өз туындыларына ашық қолтаңба қалдырды. Қайта өрлеудегі индивидуализм осындай жаңалықтарымен адамзат өмірінің ерекше тұсына айналды. Зайырлылық болса осы дүниеде жақсы өмір сүруге баса назар аудартты. Қайта өрлеу дәуіріндегі материализм байлық үшін сатып алуға болатын байлық пен тауарлардың жинақталуы, әсіресе тарихи, зияткерлік, мәдени және эстетикалық құндылықты көздеді. Жаңа дәуірдің философиялық антропологиясы капиталистік әлеуметтік қатынастармен және жеке қызығушылықтың өсіп келе жатқан үстемдігімен байланысты утилитаризмнің, индивидуализмнің және эгоизмнің мотивтерін сіңіре бастайды. Лоренцо Валла жеке адамның пайдасы мен қызығушылығын Отан мүддесінің алдына шығарып жіберді. Мұнда орталық тұлға - адам, осы уақыттың дүниетанымы антропоцентрлік, бірақ ол Құдайды толығымен жоққа шығармайды. Адам шексіз қабілеттері мен мүмкіндіктері бар бай адам деген Пико Делла Мирандола адамның қадір-қасиетін көтермеледі. Машина ретінде қарастырылған адамға қатысты механикалық көзқарас сол кезеңде кең таралды. Дж. Ламетри механикалық материализмнің адамға деген көзқарасын "адам-машина" ұғымы арқылы беруге тырысты. Онда тек бір материалдық зат бар, ал адам ағзасы — бұл сағат механизміне ұқсас өздігінен жүретін машина. Осындай көзқарас XVIII ғасырдағы барлық француз материалистеріне тән.

Людвиг Фейербах діннің адам психикасынан шыққанын және дін антропологиядан басқа ештеңе болмауы керек екенін түсіндіруге тырысқан алғашқы философтардың бірі. Фейербах дін мен ақыл бірге өмір сүреді және діни сенім адамдардың ішкі көріністерінде және жалғыз шындық ретінде көтерілген өкілдіктерде бекітілген деп мәлімдеді. Ол діннің өкілдік әлемі адамдардың, олардың қажеттіліктері мен тілектерінің, олардың бақыты мен өлместігінің айналасында өзгеретінін айтты. Адам мәнінің Маркстік түсінігі оның адам табиғаты туралы тұжырымдамасы мен еңбек құнының теориясында бекітілген. Маркс үшін адамзаттың мәні әр адамның бірлігі. Табиғи тіршілік иесі ретінде әр адам мүлдем ерекше тұлғаға ие. Маркстің өз сөзімен айтсақ "итке не пайдалы екенін білу үшін иттің табиғатын зерттеу керек. Бұл табиғатты пайдалылық принципінен шығаруға болмайды. Мұны адамға қолдана отырып, адам қозғалысының, қарым-қатынастың және т. б. барлық әрекеттерін сынайтын адам деген пайдалылық қағидаты бойынша, ең алдымен адам табиғатымен, содан кейін әр тарихи дәуірде өзгеретін адам табиғатымен айналысуы керек". "Адам-бұл жануар мен асқан адамның арасындағы арқан, бұл тұңғиықтың үстіндегі арқан- деген Ницшенің пікірінше, біз шынайы, жаңа адам – "асқан адамды" құруымыз керек, ол алдына мақсат қояды, өзіне адал болады. Адамның, оның мәні мен табиғатының басты мәселесі – оның рухының проблемасы. Ницшенің айтуынша, рух: бұл төзімділік, батылдық пен еркіндік, өз еркіңді бекіту. Адам ұмтылысының басты мақсаты - пайда емес, рахат емес, шындық емес, христиан Құдайы да емес, өмір. Өмір ғарыштық және биологиялық: бұл әлемдік болмыс пен "мәңгілік оралу" қағидасы ретінде билікке деген ерік. Өмір сүру еркі өмір сүру үшін азапты күресте емес, билік пен үстемдік үшін шайқаста, жаңа адам қалыптасу үшін ол өзін дәлелдеуге міндетті. Ницше сөзімен айтсақ: "Мен аспанда, жұлдыздардың артында, өлуге және өзін құрбан етуге негіз іздемейтін адамды, яғни бір кездері асқан адамның мекеніне айналуы үшін өзін жерге құрбан ететін адамды жақсы көремін".

Осылайша философия жаһандық және материалдық мәселелерге емес, субъективті адам санасына, экзистенцияға назар аударады. Мысалы, Сартр әлем (болу) мен сана (ештеңе) арасындағы онтологиялық бөлінуді анықтайды және "жүрек айнуы" романы оның жүзеге асырылуына жауап береді. Камюдің "бөгде адам» романында өз қоғамына қайшы келетін басты кейіпкер Мерсо ғана емес, сонымен бірге бей-жай ғаламды білетін адамның ақыл-ойы да сипатталған. Оның "Сизиф туралы мифі" құдайлардың қиянатшысын қазіргі қиял үшін қайта суреттейді, Ол өзінің тастарын тек шексіздікке қарай айналдыру үшін жоғары қарай итеруге үкім шығарды. Мұндай қиын жағдайдың пайдасыздығы қазіргі өмірдің ұқсастығы. Кьеркегор алғашқы "өмір философы", ол қазіргі кездегі адамға және оның тағдырына алаңдады. "Нағыз дәуір" деп аталатын шолу эссесінде ол бәсекелестік материализм, жаппай тұтыну, қызғаныш және анонимдік мәдениеті деп санайтын нәрсеге алаңдаған шынайы өмірдің болашағы туралы ойлады. Серен Кьеркегор көпшілікке аяусыз сыртқы көрініспен ішкі өмір өліп жатыр деп алаңдады және бұл әлеуметтік желілерді ойлап тапқанға дейін бір жарым ғасыр бұрын жазылды. Экзистенциализммен байланысты болған басқа философтар бұл мәдени скептицизмді қайталады, ал Ницше мен Хайдеггер қазіргі мәдениеттің құлдырауын айыптады. Бір қарағанда, мұның бәрі адамзаттың алдында тұрған өзекті практикалық мәселелермен салыстырғанда жеңіл болып көрінеді. Адамзат жаһандық проблемаларға тап болған кезде жеке тұлғаның шынайылығы қандай маңызды? Әлемдік ашаршылық артып келеді, миллиардтаған адамдар өте кедейлікте өмір сүреді және көптеген адамдар қатал қақтығыстардан зардап шегеді. Бір кездері әлемдегі ең күшті демократия болып көрінген нәрсе, қазір ең әлсіз. Нәсілшіл езгі әлі жойылған жоқ. Пандемия бір жыл ішінде миллиондаған адамдардың өмірін қиды және экономиканы құлдыратты. Бұл тұрғыда адамзат пен планетадағы барлық тіршілік иелері жақындап келе жатқан экологиялық дағдарысқа тап болатынын ұмытып кету мүмкін емес. Тек экзистенциалды ойлау арқылы ғана өзін-өзі танудың талғампаздығы артып, назарды барлығымызға әсер ететін осы шұғыл мәселелерден алшақтатады. Бір сөбен айтқанда экзистенциалистер философияны көкте қалықтамай, тірі адамдардың нақты тәжірибесінен іздеуге шақырды.

 

АДАМ – ӘЛЕМ КООРДИНАТОРЫ

 

Адам және адамның өмірі туралы толғанбаған ойшыл жоқтың қасы. Философия тарихында адамға анықтама берген тұлғалар қатары жетерлік: атап айтар болсақ, «Дене мен жанның бірлігіне ие адам»: Фома Аквинский, «Өлшем адам»: Протогор, «Ізгілікті адам»: Сократ, «мінсіз мемлекеттің идеалды адамы»: Платон, «Қоғамдық жануарға тең адам»: Аристотель, «Әртіс адам»: Шекспир, «Ойлаушы адам»: Декарт, «Адамгершілікті адам»: И.Кант, «Асқан адам»: Ф.Ницше, «Ойлаушы қамыс адам»: Б. Паскаль, «Машина адам»: Ж. Ламетри, «Бір өлшемді адам»: Г. Маркузе, «Ойнаушы адам»: И. Хейзинга, «Нышан, белгі жасайтын символдық адам»: Э.Кассирер, «Құралданған адам»: Д.Франклин, «Шаттыққа шомылып, өз өмірінің мәнін жоғалтпайтын адам»: В.Франкл, «Бақытты көксеуші және жетуші адам»: Фараби,  «Толық адам»: Абай, «Ар-ұжданға ие адам»: Шәкәрім. Адамға анықтама берген ойшылдарға қарап отырып адамның көпжүйелі екендігін мойындауға болады. Айтылған ойшылдар адамның әртүрлі қырларын аша отырып адамның универсалды екенін дәлелдегісі келген болар. Алайда адам осындай күрделі әрі мінсіз құрылымнан тұрса да, өкінішке орай, бір рет ғана берілетін өмірден жалығып «зеріккен адамға» айналуда. «Философиялық антропология» деп аталатын философиялық ағымды ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары Шелер және Плеснер дамытқан, кейін оны Гелен, Ротхакер, Лит және Портман жалғастырып, ақыр соңында Ландман, Больнов, Хенгстенберг, Макс Мюллер жандандырды. «Адамның ғарыштағы орны»атты еңбегімен танымал М. Шелер Жаңа заманның дағдарысты жағдайын сипаттай келе, ең соңғы биологиялық нәтижелерді қамтитын сұрақтарға жауап береді. Плеснер эксцентрикалық позициялылықтың көмегімен шектеулі, сатылы түрде ұйымдастырылған дүниелікке назар аудартатын болса, Гелен адамды «кемшіліктері бар» тіршілік иесі деп қарастырады. Ол «іс-әрекет етуші» тіршілік иесі ретінде адамға анықтама беруге талпынады. Бірақ үш өкіл де адамның рух иесі немесе табиғаттың ерекше жобасы ретіндегі адамның айрықша орнын атап өтті.

Жалпы философияда «адам мен әлем» арасындағы қарым-қатынас басты және мәңгілік мәселе. Ежелгі заманнан бері адам өзінің табиғи әлемдегі орнын, өзінің жануарлар «патшалығымен» ұқсастықтары мен айырмашылықтарын түсінуге талпынды. Қазақ философиясының ерекшелігі адам экзистенциясы мәселесіне, адам болмысының өмірмәндік негіздерінің рухани ізденісіне бағытталуында. Қазақтардың ұлттық философиялық санасының рухани бейімделуі оның ұзақ ғасырлық даму кезеңінде, ең алдымен, Абай мен Шәкәрім сияқты қазақ этикалық ойының белгілі тұлғаларының шығармашылық мұраларында сақталған. Абайдың өз шығармаларындағы негізгі ұстанған этикалық қағидасы – «Адам бол!» деген үндеуі – ол ойшыл-ақынның шығармашылығының өзегіне айналды. Абай үңдеуінің этикалық мәні – адамның өмірдегі міндеті мен ролін жоғары бағалау. Адам – ақын көзқарасында ақыл-ойдың, адамшылықтың, еңбексүйгіштіктің және білімділіктің, достық пен махаббаттың түгелдей көрініс табуы, жинақталуы. Ай мен күн – аспан әлемінің әшекейі, орман мен жемістер – таудың әшекейі, ал жердің сәні – адам. Абай үлкен мақтанышпен: «Адам деген даңқым бар!» - деп жар салады. Абай Алла тағаланың бүкіл ғаламды қандай хикметпен жаратып, қаңдай құдіретпенен үйлестіргенін айтып, оған адам баласының ақылы жетпейтінін ескертеді. Алла тағала өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулерімен өлшеусізді білуге болмайды –дейді Абай. Шәкәрімнің айтуы бойынша барлық тіршілік иелерінің арасында ең күшті өсімді жан тек қана адамда тұр. Сондықтан оның ой-өрісі басқа тіршілік иелеріне қарағанда жоғары және оған қалау еркі берілген. Басқа тіршілік иелерінде ерік жоқ, оларды инстинкт басқарады. Ерікті қалай пайдалануына байланысты адам баласының алдында жақсы да тұр, жаман да тұр. Ең күшті жан беріліп, оған қоса ерік пен Тәңірді тануға мүмкіндігі бар ерекше ақыл берілгендіктен өмірдің түпкі мақсатына тек адам ғана жете алады. Осыған сай оның жауапкершілігі де зор. Басқа тіршілік иелері, сонымен бірге бүкіл әлем сол ұлы мақсатқа жету үшін адам баласына мүмкіндік жасаулары керек.  Осы ұлы мақсатқа жетудегі кедергі – адамның нәпсісі. Егер берілген ерікті дұрыс пайдалана алмай, нәпсіге еріп тән құмарына беріліп кетіп, негізгі мақсатты тәрік етсе, онда адам хайуандар қатарына түсіп, соған сәйкес жазасын тартады. Бүкіл әлемді бір Жаратушы жан жаратқан, сонымен бірге ол жаратылыстың үлкен мақсаты бар. Бүкіл әлем мен адам баласының өмірінің мәні сол мақсатты орындау болып табылады. Әлем көріністері, сонымен бірге қоршаған табиғат сол мақсатқа жету жолында адам баласының құралы болып табылады. 21 ғасырдың емделуі қиын ауруы – «прокрастинация» яғни, маңызды істі кейінге қалдыру әдеті. Шешім қабылдай алмау, ішкі мотивацияның жоқтығы, жоспарлай алмау немесе жоспарланған жұмыстардың нәтиже бермеуі, қорқыныш пен үрейдің мазалауы, адамның өзіне деген сенімділіктің тым көптігінен сосын жасай саламын деген сенімінің мақсатқа жеткізе алмауы. Ғалымдардың айтуынша, прокрастинацияның шығу тегі – адамға іс қызықсыз, өзіне пайдалы болмаса, істеуге қиын, не дұрыс жоспарланбаған болса, қаламаған ісін істеуден тартыну қалыпты жағдай дейді. Қалай дегенде бүгінгі күнгі адамдық сипат осындай. 7-ші лекция бойы айтылған ғұламалардың адамға берген жоғарғы бағасын көңілімізге түйіп жүрейік. Келесі 8-ші лекция «өмірдің мәні, өмір және өлім» философиялық мәселесіне арналмақ.